АҚШ қоры қазақ ғалымдарын қолдайды
Қазақстан ғалымдары Америка Құрама штаттарындағы, ғылым мен технологияның дамуына жауапты Ұлттық ғылым қорының өкілдерімен кездесті.
Басқосу барысында екі тараптың ғылыми сарапшылары, уақытпен санаспай дамыған, жаңа технологиялар төңірегінде тәжірибе алмасып, алдағы жоспарларды саралады.
Ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетуге бағытталған сапар барысында қазақстандық делегация АҚШ-тың іргелі оқу орындары, коммерцияландыру кеңселері мен бизнес мектептерінің жұмысымен танысты. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен АҚШ-та ғылыми жұмыспен айналысып жүрген отандық ғалымдармен кездесіп, Ұлттық ғылым қоры өкілдерінің ұсыныстарын талқылады.
Ренат Елшібеков, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма басшысы:
- Ұлттық ғылым қорының бағдарламаларын талдадық. Оның ішінде ең бірінші коллаборациялық жобалар, мысалы өз Қазақстан тарапынан яғни қаржыландыру ұсынған жағдайда осы американдық ұлттық ғылым қорының жобасына қатысуға болады. Осындай жобалар ең бірінші бізге озық технологияларға, жаңа заманау зертханаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Екі ел ғалымдары кездесу нәтижесінде тек әріптестік байланыс орнатумен шектеліп қалмай, жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды жан-жақты жетілдіріп, дамылсыз дамытуға бағытталған халықаралық ғылыми желі құрудың маңызына тоқталды.
Әлия Сембаева, "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Шетелдік әріптестеріміз ғылыми жобалардың гранттары, ішкі құжаттары, бағалау әдістері, сарапшылармен жұмыс жасау туралы тәжірибелерімен бөлісті. Ғылыми технологиялық инновацияны дамыту үшін бұл бізге керемет мүмкіндік. Мұндағы барлық гранттық бағдарламалар халықаралық ғылыми әріптестікті нығайтуға бағытталмақ. Себебі зерттеулер бір елмен ғана шектеліп қалмауы керек. Қазақстандық ғалымдар бағдарламаға қатысу арқылы қаржыландыру көлемін ұлғайтып, АҚШ-тың инфрақұрылымын пайдалана алады.
Қазір АҚШ пен Қазақстан ғалымдары биотехнология, физика мен инженерия, биологиялық ғылым бағыттары бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Американың Ұлттық ғылым қоры алдағы уақытта кез келген қазақстандық жоғарғы оқу орны мен өндіріс кәсіпорындарын ғылым мен инновация саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қолдауға ниетті.