Қазақстанға арналған кітаптар жарық көрді

«Қазақтың ұлттық киелі үйі» және «3 дос». Оңтүстік Кореяда жақында шыққан Қазақстан туралы кітаптар осылай аталады.

Корей тіліндегі басылымдар еліміздің Пусан қаласындағы Бас консулы Аян Қашабаевқа көрсетілді. Дипломат Кванджу қаласына барып, Азия мәдени орталығының президенті Ли Ган Хёнмен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Осы орталықта қазақтың киіз үйі туралы кітап шығарылды. Оның авторы – жазушы Зира Наурызбай, иллюстрациясын суретші Чон Мён Пиль жасаған. Тағы бір басылымды Азия мәдени орталығының қоры шығарды. Кітапты "Үш дос" қазақ халық ертегісі бойынша жазушы Ким Хэ Вон жазған және суреттеген. Шығарма балаларды Қазақстан табиғатымен таныстырады. Екі басылымды да Оңтүстік Кореяның кітапханалары мен кітап дүкендерінен көруге болады.

Квон Сон А, Азия мәдени орталығы қөрының департамент басшысы:

- "3 дос" ертегісі бойынша қуыршақ қойылымы болған. Онда түнде күн қайда жоғалып кететініне таң қалып, оны іздеуге жолға шыққан лақ, қозы және бұзау үш достың оқиғасы баяндалады. Балалар туындыны көріп қана қоймай, оқуы үшін сүреттелген кітапты шығардық. Қазақстанның табиғатын суретші Ким Хэ Вон бейнелеген. Кітап шамамен 1 мың дана таралыммен шықты.