Кения кәсіпкерлері шаш қалдықтарынан пластикалық бұйым жасайды

Кәсіпорын 5 жыл бұрын ашылған. Бұған дейін сөмке мен кілем секілді тұрмысқа қажетті заттар шығарды.

Табиғат жанашырлары кениялықтардың бастамасын өзге елдер тәжірибеге енгізсе деген тілек айтады.

Қазір Шығыс Африка аймағындағы қыз-келіншектер қырқылған шаштарын қоқысқа тастамайды. Оны пайдаға жаратады. Сара Адеро осыдан 5 жыл бұрын ерекше жобаны қолға алды. Ол шаштан кілем, сөмке жасайды. Бастама жұртшылық арасында бірден танылды. Қазір ол синтетикалық парик өндіруді қолға алған. Қоқыс жәшіктері мен сұлулық салондарынан жиналған адам шашы өңделмес бұрын сұрыпталып, тоқыма жіпке айналады. Сосын бұйым дайындау процесіне жіберіледі. 

Сара Адеро, жоба жетекшісі:

-Бұл шаш өрілген кезде әдемірек көрінеді, ал босатсаңыз, ұсқынсыз күйге енеді. Енді біз қоршаған ортаны ластамау үшін бұл шашты қайта өңдей бастадық. Тек синтетикалық парик қана емес, төсеніш-кілем, сөмкелер жасап, кәсіп көзіне айналдырдық.

Ғалымдардың айтуынша, қоршаған ортаға ең ірі зиянды қалдық – адамның шашы. Ол бактерияға толы әрі вирус тасымалдауға бейім. Адам саулығына ғана емес, қоршаған орта үшін де қауіпті саналады.

Ньютон Овино, эколог ғалым:

-Адамның шашы – анықталмаған ластаушы зат. Неліктен олай дейсіз бе? Өйткені адамзат бұған дейін қалдық шаштарды қалай кәдеге жаратуға болатынын еш ойланған жоқ, оның зиян екеніне мән берілмей келді. Ал шын мәнінде, бұл шаштар обыр дертін туғызады. Шашты жұтып қойған балықты жесеңіз, мұның соңы өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Қалтаға да, қоршаған ортаға да ұтымды жоба тиімділігін көрсетіп келеді. Жаһандық проблемаға осылайша назар бұрған бикештер енді кәсіп көзін ұлғайтып, бастаманы әлем тәжірибесіне енгізгісі келеді.

Вивиан Авуор, тұтынушы:

-Бұл кілемше қолжетімді әрі өте әдемі. Айналамызға еш қаупі жоқ, керісінше қоршаған ортаны таза ұстауға ықпалы орасан. Әсіресе жаңбырлы күндері жылдам құрғап, шаң-тозаңды тез сіңіреді. Сонысымен маған ұнайды.

Екі қолға бір күрек іздеген кениялықтар үшін бұл бастама жұмыссыздықпен күресудің де тиімді тәсілі. Әу баста 1-2 адамнан құралған орта қазір кеңейіп, 100-ге жуық келіншек жұмыспен қамтылды.

Автор: Әсия Нұрлыбаева