Берлиндегі форумға қазақстандық студенттер қатысты
Берлинде жыл сайынғы студенттер форумы өтті.
Қазақстан елшілігінде ұйымдастырылған іс-шараға 100-ден аса адам қатысты. Арасында Берлиндегі ең көне университеттің студенттері мен профессорлары, сондай-ақ Германияда білім алып жатқан қазақстандықтар бар. Басқосуды Германиядағы Қазақстан елшілігі мен Гумбольдт атындағы университет басшылығы ұйымдастырған. Жиында дипломатиялық миссия басшысы Нұрлан Онжанов пен неміс профессорлары баяндама жасады. Форумда студенттер қазақтың ұлттық ойындарын таныстырып, тоғызқұмалақтан шеберлік сабағын өткізді. Немістерге әсіресе асық ату қатты ұнады.
Әнел Ақматбекова, Берлин техникалық университетінің студенті:
-Бұл форумда біз қазақтың ұлттық ойындарын таныстырдық. Әсіресе неміс және басқа ұлттар ешқашан естімеген ойындарды көрсеттік. Мен мысалы, бүгін асық ату туралы айтқам болатынмын. Асық атудың ережелері, тарихы жайлы, оны қалай ойнау керек, не үшін ойнаған, қай кезде? Кезінде көп бала ойнаған дейді, бірақ қарасақ, барлығымыз ойнап жатырмыз.
Сюзанна Франк, Гумбольдт атындағы университет профессоры:
-Мұндай форумға алғаш қатысуым. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтығымызды нығайта беруіміз керек деп санаймын. Білім беру саласында жаңа жобалар құрып, оларды дамытуға мүмкіндік мол. Өзім Қазақстанда әлі болған жоқпын. Бірақ студенттерімнің көбі барып қайтқан. Менің де сондай ойым бар.