Анев түркі әлемінің мәдени астанасы атанды

Түркі әлемінің мәдени астанасы атағы Түрікменстанның Анев шаһарына салтанатты түрде табыс етілді.

Әзербайжанның Шуша қаласындағы басқосуда елдер арасындағы ынтымақтастыққа еңбек сіңірген медиаөкілдер марапатталды. Арасында Түркиядағы меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат та бар.

Шуша қаласының соңғы екі жылда инфрақұрылымы жаңыртылып, жаңа нысандар бой көтерген. 2023 жылы шаһар түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Ұйымдастырушылар атақты беру арқылы шаһардың рухын көтергендей.

Адил Керимли, Әзербайжанның мәдениет министрі:

-Шушаның 2023 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болуы Әзербайжан үшін маңызды болды. Төрткүл дүние туыстас жұрттың мәдениеті мен өнерін көне шаһардан тамашалады. Өңірге бейбітшілік алып келді. Шуша 11 жылдан бергі дәстүрге өз үлесін қосып, бірқатар шараны дәстүрге айналдырды.

Шарада Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бес жылда бір табысталатын түркі әлеміне еңбек сіңірген медиаөкілдері марапатталды. «Бірлікте тірлік бар» деген ұранмен табысталған награда екі қазақ журналисіне бұйырды. 

Амангелді Құрметұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы:

-Қазақстаннан екі медиа өкілі бұл сыйлықты алып жатырмыз. Оның бірі – 24KZ арнасының тілшісі. Әлбетте өзіміздің журналисттік қызметте түркі әлемі жайлы жиірек айтып жүрген болсақ, ал сыйлықты тағайындаушылар мұны ескерген сияқты. Ал Сіздің тілшіңіз сөз жоқ, Әзербайжан және Түркия сияқты елдерде маңызды оқиғаларды Қазақстанға жеткізіп отырады. 

«Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының негізі 2010 жылы түркітілдес мемлекеттер басшыларының Ыстамбұлда өткен 10-шы саммитінде келісілді. Шешімге сәйкес, жыл сайын Түркі әлемінің бір қаласы «Мәдени астана» болып жарияланады.