Қазақ-Қытай сауда айналымы артты
Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы 32 жыл.
Осы уақыт ішінде екі елдің сауда-экономикалық стратегиялық әріптестігі нығая түсті. Тек биылдың өзінде 30-дан астам үкіметаралық құжатқа қол қойылды.
Сонымен қатар 80-ге жуық коммерциялық келісім жасалған. Бұл жөнінде елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды Бейжіңде таныстыру кезінде айтылды. Қытай сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бағытын жоғары бағалады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық деңгейге жетті. Биылдың өзінде жалпы сомасы 38,5 миллиард долларға коммерциялық, инвестициялық, технологиялық өндіріске қатысты келісім жасалды. Әсіресе виза, автомобиль тасымалы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Аягөз-Тачэн теміржолын бірлесіп салу жөніндегі меморандумдар ерекше маңызға ие болып отыр.
Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша пандемия мен геосаяси факторларға қарамастан 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31 миллиард доллардан асты. Биылғы жылдың 10 айдық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 32,7 млрд долларға жетті. Ал қос мемлекет арасындағы жүк тасымалының көлемі 26,1 миллион тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4 пайызға артық.
Көлік логистикасы транзитті арттыру бағытында шекарадағы барлық автомобиль бақылау-өткізу бекеттерінде жұмыс қайта жанданды. Пилоттық жоба ретінде Нұр-Жолы – Қорғас бекеті 24 сағат режимде жұмыс істеп тұр. Алакөл-Алашанькоу, Бақты-Покиту, Қалжат-Дулаты, Майқапшағай-Зимунай бекеттері тәулігіне 12 сағаттық жұмыс режиміне ауысты. Мұндай қадам көрші елдер арасындағы байланысты, сауда айналымын арттыруға рекордтық деңгейге жеткізіп отыр.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Пандемия мен геосаяси факторларға қарамастан биылғы 10 айдың көрсеткіші былтырғы жылдан асып кетті. Біздің мемлекет басшыларының 2030-шы жылға дейін сауда айналымды 40 миллиард долларға дейін жеткізу туралы келісім бар. Сауда-экономикалық байланыс дәл осындай қарқынмен жалғасса, меже мерзімінен бұрын орындалады.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға арналған дөңгелек үстел Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде ұйымдастырылды. Іс-шараға көрші елдің ғалымдары, жоғары оқу орындары мен халықаралық істер академиясы, шетелдермен достық қоғамының өкілдері қатысты. Оларға еліміздегі саяси және экономикалық өзгерістер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру барысы таныстырылды.
Ли Юнцюань, ҚХР мемлекеттік кеңесі жанындағы институт директоры:
- Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық және дипломатиялық салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Менің ойымша Мемлекет басшысының қазіргі кезеңдегі басты миссиясы күрделі геосаяси жағдайда елдің даму мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Оның жігері мен жағдайды бағамдау қабілеті Қазақстанның одан әрі өсуінің кепілі. Сонымен қатар Орталық Азия мен бүкіл Еуразия кеңістігінің тұрақтылығы үшін де үлкен маңызға ие.
Төтенше және өкілетті елші жаңа өндірістік саясат, энергетика және су ресурстары мәселесіне де айрықша тоқталды. Сондай-ақ, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырушы ел ретінде Қазақстан көліктік-транзиттік саланы дамытып «Бір жол –Бір белдеу» бастамасын қолдауға бағытталатынын жеткізді. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жоспармен бөлісті.
Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді маңызды міндет етіп қойып отыр. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін ескере отырып, Қазақстанды Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталықтарының біріне айналдыру біздің елдің стратегиялық мақсаты. Мемлекет басшысы агро өндірістік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға арттыруды тапсырды. Ет, сүт, астықты терең өңдеу және жылыжай шаруашылығын дамытуға күш салынады.
Дөңгелек үстел барысында қос тарап саяси-экномикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Қытайлық сарапшылар Қазақ-Қытай достығының зор болашағына тоқталып, Қазақстанның жетекші талдау орталықтарымен тығыз байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы