«Камп Ноу» құрылысын жанкүйерлер бақылайды
Испания футбол клубтарының стратегиялық жоспарлары жергілікті жанкүйерлердің жіті назарында.
Пабло атақты Барселонаның фанаты. Қазір «Камп Ноу» стадионың құрылысын жанкүйермен бірге ол да сырттай бақылап жүр. Клуб та фанаттардан ештеңе жасырмайды. Ай сайын құрылыс жұмыстарының қарқыны жайлы есеп беріп, видео жариялап тұрады.
Пабло, футбол фанаты:
- Бұл бейнеден бөлек, “Барса” командасы жайлы жаңалықтарды күнделікті оқып тұрамын. Жыл сайын 200 еуро төлеп, осы клубтың ресми түрде мүшелігіне өтіп алғанмын. Клуб мүшелігі маған ойындарға билетті жылдам сатып алуға жеңілдік береді. Әйтпесе, жылдық абонементті алу үшін он жыл кезекте тұру керек.
Жоспар бойынша «Камп Ноу» стадионындағы құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Қазір мұнда бес мыңға жуық адам еңбектеніп жатыр. Жаңа нысан 106 мың жанкүйерге арналған. Құрылысқа 20 инвестор тартылған. Құйылған қаржы көлемі 1 млрд 450 млн еуро.
Пилар Консуелло, заңгер:
- Замануи стадионның құрылыс жұмыстары жайлы күнделікті есепті газет, журнал, теледидардан біліп отырамыз. Және “шынайы уақыт режимінде” камералар жұмыс істеп тұр. Ай сайын клуб өзінің ютуб парақшасында атқарылған жұмыс жайлы бейнеролик жариялап отырады. Мұның барлығы клуб пен фанаттар арасындағы байланысты бекемдейді.
Футбол мәдениеті қалыптасқан Испанияда "сапасыз құрылыс" деген түсінік жоқ. Қоғамдық бақылаудың жемісі осы болар.
Авторы: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач