Теміржол. Эстонияның есі шығып, Малайзия маңызды жоба бастады

Әлемде тек транзиттің арқасында көл-көсір табыс тауып отырған елдер бар. Соның бірі – Эстония!

Бірақ мұндағы теміржолмен жүк тасымалы кейінгі 3 айда 2 миллион тоннаға дейін азайды.

Эстония есебінен жаңылды ма?

Иә бұл әжептәуір шығын. Былтыр Эстонияңызда бұл теміржол арқылы алыс-беріс 3, ал алдыңғы жылы 2 есе көп болған екен. Мұның себебі не?

Бұған басты себеп – аймақтағы гео-саяси жағдай. Мұндай мәселе кішкентай Эстония түгілі алпауыт АҚШ-та да бар.

Эстония аумағы арқылы басқа мемлекеттерге өтетін теміржол тасымалының көлемі тым төмендеп тұр. Мамандар бұған Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс салқынын тигізіп тұрғанын айтады. Осы себепті кейінгі 2 жылда теміржолдағы алыс-беріс 60 пайызға кеміген.

Негізі еуропалық ел арқылы біздің Орталық Азиядан, Қытай мен кіші құрлықтың басқа мемлекеттерінен жүк көп жөнелтілетін. Теміржол – Эстония экономикасының күретамыры. Енді ел үкіметі жолаушы тасымалына көп көңіл бөле бастаған. Шығынның 25 пайызын осы бағытта түскен пайда есебінен жабуды көздейді.

Юри Этверк, сарапшы /Эстония/:

- Кейінгі 2 жылда теміржол жүк тасымалының көлемі күрт кеми бастады. Эстония Шығыс пен Батысты теміржол арқылы біріктіретін дәліз іспетті еді. Бұл дағдарыс әлі қанша жылға созылатыны белгісіз. Біздің аймақта Эстония, Польша және Батыс Еуропаны жалғайтын Rail Baltic теміржол желісі салына бастайды. Оның құрылысына тас, құм, метал, бетон жеткізу маңызды. Енді осы ауқымды жоба үзіліп қалмаса болды.

Жалпы теміржол арқылы жүк тасу көлемі тонна-шақырым арқылы есептеледі. Осы өлшеммен қарасақ, былтыр АҚШ-та теміржол жүк тасымалы 2 триллион 200 миллиард тонна-шақырымға әрең жеткен. Сарапшылар одан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 300 миллиард тонна-шақырымға артық болған еді дейді. Америка теміржол арқылы көбіне көмір, химиялық заттар мен астық тасымалдайды. Экономистер биыл АҚШ-та "бидай түсімі аз болды, көмір өндіру де кеміді, осы факторлар теміржол жүк тасымалының төмендеуіне әсер етті" дейді.

Малайзияда мегажоба құрылысы басталды

Жүк жеткізуде ең қолайлысы - теміржол. Жер көлемі біздің Қазақстаннан 8 есе кіші, аумағы бойынша әлемде 65-орында тұрған алақандай Малайзияңыз да теміржол салғысы келеді. 2 аралда орналасқан елдің Шығыс жағасында мегажоба қолға алынды. Алғашқы рельстері төселді. Бұл құрылыс 2027 жылы аяқталуға тиіс.

Лоук Сию Фук, Малайзияның көлік министрі:

- Бұл теміржол жобасы қазірдің өзінде халық үшін пайдалы болып тұр. Құрылыс жұмысына 23 мың адам тартылмақ. Теміржол салынғаннан кейін экономикамызға тың серпін береді деп сенеміз. Жүк тасымалы еселеп артады. Әсіресе өңірдегі өндіріс орындары үшін қолайлы болмақ.

Дубайдан Мумбайға

Иран мен Түркия 2024 жылы теміржол арқылы өзара жүк тасымалын 1 миллион тоннаға жеткізбек. Ал Біріккен Араб Әмірліктері Үндістанға дейін су асты теміржолын салады. Оның ұзындығы – 2 мың шақырым. Қазір араб инженерлері жоспардың соңғы детальдарын пысықтап жатыр.

Суасты теміржолы Біріккен Араб Әмірлігінің Әл-Фуджайра қаласын Үндістанның Мумбай шаһарымен жалғайды. Ал бұл жолмен жүретін пойыздың жылдамдығы сағатына 1 мың шақырымға жетеді деген жоспар бар. Сонда Дубайдан Мумбайға 2-ақ сағатта барасыз. Ал бұл екі аралық, жаңа айттық 2 мың шақырым. Қазір бұл екі ортаға ұшақтың өзі 3 сағат ұшады. Суасты пойызы жолаушы да, жүк те тасымалдайды.

Әлем елдері осылайша теміржолға қатты мән беріп отыр. Қытайда 2050 жылға қарай теміржолдың жалпы ұзындығы 50 мың шақырымға жетеді. Жалпы қазір әлем елдерінің біразында сағатына 400 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыздар бар. Жапонияңыз да Токио мен Осаканың арасын қосатын теміржол желісінің құрылысына 72 миллиард доллар жұмсауға дайын. Сөйтіп, шамасы келген ел теміржолын ұзартып, пойызының жылдамдығын арттырып әлек. Бұл үдерістен бізде кенде қалмаймыз деген үміттеміз.