Дубайда климаттық саммитке жиналғандар келісе алмады
Ғаламдық жылынудың алдын алу үшін бас қосқан әлем елдерінің өкілдері ортақ шешімге келе алмады.
Осылайша Дубайда өткен Дүниежүзілік климаттық саммитте жоспарланған шаралар орындалмайтын болды.
Осыдан 3 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттық саммитінде әлемнің 100 деген елі метан өндірісін 2030 жылға қарай 30 пайызға қысқартамыз деп уағдаласқан болатын. Бірақ бұл келісім тек сөз жүзінде қалды. Көшбасшы елдердің бастары бір қазанға сыймай, екіге жарылды. Қазба отындарды жағуды доғаруды бір мемлекеттер қолдаса, енді бірі бұған қарсы. Бұл мәселе биылғы жиында шешілуі тиіс еді. Алайда, тағы да келесі жылға қалды.
Маджид Әл-Сувайди, COP-28 бас директоры:
- Қазба отындары бойынша барлық тарап ортақ келісімге келуі керек еді. Бұл күрделі мәселе. Оның шешімін табуға, жаңа шаралар жасауға тырысамыз.
Климаттық саммитке дейін де, кейін де жергілікті түрғындар "қазба отындарды жағу тоқтатылсын" деген ұранмен, наразылық шерулерін өткізді. Ғаламдық жылынудың алдын алу үшін, басқа емес, осы мәселенің төңірегінде нақты іс-шаралар қолға алынуы керек еді, дейді олар.
Эли Розенблут, экобелсенді:
- Мәселе өз шешімін таппайынша, біз де тоқтамаймыз. Әлемді құтқару біздің қолымызда. Қатып қалған заң жоқ. Оны өзгертуге, маңызды мәселелерді шешуге болады.
Бұл мәселе жөнінде Біріккен Ұлттар ұйымы жаңа құжат қабылдады. Онда қазба отындарынан біржола емес, біртіндеп бас тарту жөнінде жазылған. Енді бұған мемлекеттер қол қоюлары тиіс.
Фариза Жанғанева