«Tesla» компаниясының 2 млн көлігінен ақау шықты

Америкалық «Tesla» компаниясы тұтынушылардан 2 млн көлігін кері қайтарып алды.

Оған тоқпен жүретін темір тұлпарлардың автоматты басқару жүйесіндегі ақауы себеп болған. Алпауыт зауыт биыл екінші рет осылай жасап отыр.

Америкалық реттеу агенттігінің соңғы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Тесла көліктерінің автоматты жүйесінде ақау пайда болған. Оның салдары зор. Себебі көлік тізгіндеген адам жүйенің қателігінен жол апатына ұшырауы мүмкін.

Филип Купман, инженерлік ғылымдар профессоры:

- Автоматты жүйенің ақауынан болған жол апаттарына талай мәрте куә болдық. Жақында бір Тесла көлігі жүк көлігімен соқтығысып, апатқа ұшырады. Мұндай оқиғалар осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Ал компания бұған аса назар аударған жоқ. Иә, "жүргізуші абай болуы керек" деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ дәл осындай себеппен тағы бір көлік апаты тіркелсе, бұл тізгіндеуші адамның қателігі емес. Сол себепті Тесла көлігін қолданатындарды ерекше қадағалау қажет.

Ғалымдар осындай пікірде. Ал компания мамандарының автоматты жүйеге қатысты ойы екіге бөлінді. Бірі автопилотты құптаса, енді бірі бұл тиімсіз әрі апатқа ұшыратуға бейім дейді.

Лоуренс НГ, «Tesla» компаниясының өкілі:

- Автоматтандарылған жүйе өте қауіпсіз. Мен күн сайын оның тиімділігіне көз жеткізіп келем. Әсіресе, көлік кептелісі кезінде адамдар жиі апатқа тап болып жатады. Ал автопилот мұның алдын алып, тежегішті жылдам басады. Мүмкін жүргізушілер мұны дұрыс қолдана алмай жүргендіктен қиындыққа тап болған шығар.

Джерри Фишер, «Tesla» компаниясының өкілі:

- Менің ойымша, компанияның көлігін қолданатын кез-келген жүргізуші автоматты жүйеге толық сенім артады. Өйткені ешқайсысы көлігімен адам қағып, қылмыскер атанғысы келмейді. Жүйенің дұрыс жұмыс істеу-істемеуі әзірге белгісіз. Енді не боларын алдағы уақытта көреміз.

Көлік қауіпсіздігі мамандары компания басшылығын жылдар бойы темір тұлпарды бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етуге үндеп келді. Олардың сөзінше, монитор жүргізушінің қателік жасамауын қадағалайды. Бірақ компания бұған салғырттық танытқан. Өйткені 2016 жылдан бері Тесла көлігімен 35 жол апаты тіркеліп, 17 адам қайтыс болды. Оған автоматты жүйенің ақауы себеп дейді сарапшылар.

Филип Купман, инженерлік ғылымдар профессоры:

- Негізі бұл көліктерге жүргізуші мониторы қажет. Өйткені Tesla тұлпарларының көбінде мұндай камера жоқ. Бұл бағдарлама қауіпсіздікті арттырып, жүйеге түзету енгізеді. Бірақ қаншалықты қауіптің алдын алатынын нақты білмейміз.

Компания басшылығы көліктерді микробағдарламамен қамтамасыз ететіндерін айтты. Темір тұлпар иелеріне көліктерін қызмет көрсету орталықтарына апарудың қажеті жоқ. Өйткені жүйеге енгізілетін өзгеріс ғаламтор арқылы жүргізіледі.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева