Өзбекстанда 600-ден астам газ құю бекеті жабылды
Өзбекстанда газ құю станцияларының жартысынан астамы жұмысын тоқтатты.
Күннің күрт суытуына байланысты бүкіл ел бойынша табиғи және сұйытылған көгілдір отын тұтыну көлемі өскен. Электр орталықтары күшейтілген режимде жұмыс істеп, энергия ресурсының басым бөлігін жылуға бағыттап жатыр. Газ құю бекеттеріне уақытша шектеу де енгізілген. Екі күннен бері станциялар 6 сағаттық жұмыс кестесіне көшті. Қазір елде 1200-ге жуық жанармай құю бекеті болса, соның тек 547-сі жұмыс істеп тұр. «Жағдай бірер күннен кейін тұрақталады», - дейді елдің Энергетика министрлігі.
Хасан Тошхожаев, Өзбекстан Энергетика министрінің ақпараттық саясат жөніндегі кеңесшісі:
- Ташкент, Самарқан, Әндіжан, Ферғана және Ташкент облысындағы метан станцияларына қосымша шектеу енгізілді. Автокөлік жүргізушілеріне қажетті мөлшерде бензин жеткізіп беру жұмысы жүріп жатыр. Оның елдегі өндірісі ұлғайтылды. Күн сайын 700 тоннаға артығымен өндірілетін болды. Ресейден қосымша бензин алып келу жағы да келісілді.