Джо Байденге импичмент қауіпі күшейді
АҚШ-тың республикалық саяси партиясы бақылайтын Өкілдер палатасы Президент Джо Байденге импичмент жариялауға дауыс берді.
Бұған оның ұлы Хантер Байденнің бизнесі түрткі болды. Саяси ұйым өкілдері баласы әкесінің беделін пайдаланып, жалған кәсіппен айналысты деп айып тағып отыр.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Республикалық партия өкілдері демократ Джо Байденге сенімсіздік танытуға бұрыннан асық. Өкілдер палатасы жылдың басында комитет деңгейінде президент пен оның ұлына қатысты тергеуді бастап кеткен еді. Джо Байденді 2009-2017 жылдары АҚШ президенті Барак Обаманың орынбасары болған кезде билігін пайдаланып, ұлы Хантерге шетелде бизнес жүргізуге көмектесті, әрі содан заңсыз ақша тапты деп айыптап отыр. Ал бүгінгі қарар істі Конгресс деңгейінде жүргізуге мүмкіндік береді. Хантер Байден жабық тыңдауда оның бизнесіне қатысты куәлік беру талабын елемеді. Республикашылар оны Конгресті құрметтемегені үшін жауапқа тарту үшін шаралар қабылдайтындарын, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
Джеймс Комер, Өкілдер палатасының депутаты:
- Біз дәлелдерді жинау үшін бірнеше ай тергеу жүргіздік. Байден отбасының әрекеттері шынымен алаңдатарлық. Олар біздің жауларымыздан миллиондаған доллар алған. Бұл жайлы қарапайым америкалықтар білуге құқылы. Бүгін біз ақ үйге нақты әрі анық хабар жібердік. Енді сұраған құжаттарымызды беріп, тергеуге шақырғанда келеді деп ойлаймыз.
Конгресс тергеушілері қырық мыңдай банк жазбаларын және негізгі куәгерлерден он мың сағаттай куәлік жазып алған. Алайда демократтар Президент баласының бизнесіне болысқанын дәлелдейтін айғақ жоқ дейді. Байденнің ұлы Хантер де бүгін Конгрестің жанында өткізген баспасөз мәслихатында республикашылар оны сынау арқылы әкесінің саяси беделіне нұқсан келтірмек деп мәлімдеді.
Хантер Байден, Президент Джо Байденнің ұлы:
- Алты жыл бойы мен Трамптың шабуыл машинасының нысаны болдым. Олар мені қаралу үшін банк жазбаларын, мен жіберген мәтіндерді, достарым мен бұрынғы іскер серіктестерімнің айғақтарын өз ыңғайына қарай өзгертіп, фактілерді бұрмалады. Олар маған жала жапты. Турасын айтайын: Әкемнің менің бизнесіме еш қатысы болмады.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Конгресс ресми тергеуін бастап кетті, тіпті Байденнің ұлына шақырту да жіберіп қойды. Оны енді сұрақтың астына алмақ. Бұған дейін депутаттардың сұрауларын елемей келген президент әкімшілігі де енді Конгрестің талабын орындауға міндетті болмақ. Дегенмен, сарапшылар республикашылдар Байденді билігінен тайдыра аламайды деп отыр. Себебі, демократтардың бақылауындағы Сенат оны ақтап алары сөзсөз. Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен байланысты бұл дау келер жылы өтетін Президент сайлауының нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.
Авторы: Айжан Сыдықова