Қазақстанның тәжірибесі БҰҰ назарында
Адам құқығын қорғау жөніндегі БҰҰ қағидаттарын Қазақстан мемлекеті қатаң сақтайды.
Женевада өткен жиында ұйым өкілдері біздің елдің осы бағыттағы жұмыстарына оң баға берді. Бізден барған делегаттар елдегі саяси реформалар жөнінде баяндап, бірқатар кездесулер өткізді.
Жанат Эрнст, тілші:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада Қазақстан осы саладағы өз мақсаттарын жүзеге асыруға бейілділігін растады. Делегация басшысы, Конституциялық сот төрайымы Эльвира Әзімова еліміздің адам құқықтары саласындағы басымдықтары туралы айтты. Бұл балалар мен әйелдерді қорғау, «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, цифрландыру және адам құқықтарын қорғау саласындағы азаматтық қоғамның белсенді рөлін арттыру.
Қазақстандық делегация форумда «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша Қазақстанның міндеттемелері» атты құқық қорғау, үкіметтік емес ұйымдарымен арнайы кездесу өткізді. Эльвира Әзімова реформалардың жүзеге қалай асырылып жатқаның баяндады. Оған қоса жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» атты Жарлық қабылдағанын жеткізді.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сотының төрағасы:
- Бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жаһандық шешімдер және ағымдағы оқиғалар нақты іс қимылды талап етеді. Осы орайда айта кететін жайт, іс-шара аясында біз кездескен делегациялардың барлығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады. Және олар мемлекет басшысының 8 желтоқсанда Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» жарлығын қолдайтындарын айтты.
Құжат гендерлік теңдікті нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуден бастап қылмыстық сот төрелігінде азаматтарды қорғауға дейінгі 41 тармақты қамтитын 9 бөлімнен тұрады. Бұл тізімге Қазақстанда алғаш рет құқық қорғау ұйымының тәжірибесі енгізілді.
Жеміс Тұрмағамбетова, "Адам құқықтарының жарғысы" қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Биыл мен «Диалог полициясын» құру жобасының бірінші бөлігін жүзеге асырдым. Бейбіт жиналыстар мен шерулер және белгілі бір мәселелер бойынша азаматтардың жиналысы кезінде полиция диалог жүргізеді. Және ол жерге мемлекеттік органдардың өкілдерін де тарту керек. Бұл үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның іс-әрекетіне үлкен қолдау. Өйткені заңнамалық деңгейде де, практикалық деңгейде де барлық заң шығарушылар мен мемлекеттік органдар қолдануы керек.
Форум аясында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ұлттық адам құқықтары институттарының қосқан үлесі туралы пікірталас өткізді.
Артур Ластаев, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Соңғы бірнеше жылда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайту бойынша да, халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу бойынша да өте маңызды қадамдар жасалды. Көпшілік мұны Президент Тоқаевтың реформалары деп айтуда. Бұл реформалар қазірдің өзінде ел аузында солай аталады. Осыған байланысты бізде шынымен мақтанатын нәрсе бар. Нақты нәтижелер бар. Азаптауға қарсы шара келсек, биылдың өзінде 42 айыпты жазаға тарылды.
Эймон Гилмор, ЕуроОдақтың адам құқығы жөніндегі арнайы өкілі:
- Біз бірнеше жылдың ішінде Адам құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан тарапымен көптеген мәселелерді талқыладық. Еуроодақ Орталық Азия барлық елдерімен, атап айтқанда Қазақстанмен қарым-қатынасқа үлкен мән береді. Біз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесімен тығыз жұмыс істейміз. Бұл гендерлік теңдік, әйелдер құқығы мен Ауғанстандағы мәселелер бойынша өзара қарым қатынас, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды рөлін айтуға болады.
Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Әзімова мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Умаров БҰҰ Жоғары деңгейдегі көшбасшылар Сегментінің жұмысына қатысты. Делегация басшысы халықаралық аудиторияға Қазақстанның Адам құқықтары контекстінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту қадамдары жайында баяндама жасады. Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов