Тбилисиде екіжақты мәдени байланыстар талқыланды
Тбилисиде Қазақстан мен Грузияның екіжақты мәдени қарым-қатынасына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырлыған шараға екі елдің танымал ғалымдары, тарихшылары, қоғам қайраткерлері қатысты. Басқосуда биылғы жылдың ынтымақтастығы қорытындыланып, екіжақты мәдени және ұлтаралық байланыстарды нығайту жолдары талқыланды. Грузияда Орталық Азия елдері мен халықтарын зерттеу бойынша Өлкетану магистратурасын ашу ұсынылды.
Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:
- Қазақстан мен Грузия арасында қарым-қатынас қарқындап дамып келеді. Екі ел ежелден тарихи және әлеуметтік-экономикалық тығыз байланыста болған. Кеңестер Одағы кезінен бөлек орта ғасырларда гүржі хандығының қыпшақ хандығымен араласып тұрғаны белгілі. Тәуелсіздік жылдары әр ел түрлі даму жолдарына түсті. Қазір екі мемлекет арасында тығыз ынытмақастық орнаған.
Мери Габедава, Сухуми мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры:
- Бізде Грузияда Америкатану, Еуропатану, Ресейді зерттеу сияқты түрлі өлкетану мамандығы бойынша магистратуралық білім бағдарламалары бар. Бірақ Орталық Азия елдерін зерттеу бойынша магистратура жоқ. Біз географиялық тұрғыдан көршіміз. Тарихымыздың да тамыры тереңде. Ал қазіргі таңда бірлескен жобалар көп. Сондықтан мұндай ұсыныс өте орынды.