Парижде қазақ мәдениетіне арналған көрме өтеді

Франция Президенті Эмманюэль Макронның елімізге сапары мәдени ынтымақтастыққа да тың серпін берді.

Қос ел басшыларының кездесуінен кейін екі мемлекеттің осы саладағы байланысы артты. Францияның әлемге әйгілі Гиме музейі қазақ мәдениетінің жауһарларына арналған көрме ұйымдастыруды ұсынды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Париждің музей басшылығымен кездесуінен соң белгілі болды. Мұражай Азия елдерінің мәдениетімен байланысты құнды мұраларға өте бай. Мұнда Қазақстанға қатысты бірегей жәдігерлерді де кездестіруге болады. Музей басшылығы енді мұражайға келушілердің қызығушылығын ескере отырып, еліміздің мәдениеті мен тарихына арналған маңызды экспонаттарды көпшілікке көрсетпек. Әдетте мұндай іс-шараны ұйымдастыруға көп жыл кетеді. Бірақ француз тарапы Қазақстанға арналған көрмені Париж халқына келер жылы-ақ ұсынуға ниетті. 

Янник Линтц, Гиме музейінің президенті:

- Еуропа халықтары, әсіресе француздар, кезінде ұлы Жібек Жолының бір бөлігі болған бұл аймақтың маңыздылығын енді түсініп жатыр. Бұл Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің мәдениеттері тоғысқан өңір болғаны бәріне аян. Міне осы себепті Қазақстанның әлем тарихындағы айшықты орыны туралы дәріптеп, жұртты онымен таныстыру өте маңызды.