Израиль түрмелерінде 7 мыңға жуық палестиналық қамауда отыр
Израиль билігі тұтқынға алынған өз азаматтарын қайтару жөнінде жаңа келіссөздер жүргізіп жатыр.
Еврей елінің барлау қызметінің басшысы осы мақсатта Қатардың Премьер-министрімен кездесті. Бұл мемлекет Таяу Шығыстағы шиеленісті шешуде арағайындық танытып жүр. Десе де Израиль тарабы Газа Секторындағы атыс-шабысты тоқтатпайтынын кесіп айтты. Еврей елінің мәліметі бойынша, палестиналық қозғалыс мүшелері тұтқынға алған адамдар саны 130-дан асады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:
- Біз Катар және Египет өкілдерімен бірге келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Катар тарабының жұмысына қатысты көңіліміз толмай отыр. Бірақ ол туралы кейінірек айтамыз. Қазір біз тұтқындарды қайтару бойынша бір мәмілеге келуге тырысудамыз.
Ал ХАМАС өкілдері Израиль әскері оқ атуды тоқтатып, барлық палестиналықтарды босатсын дейді. Тек сол кезде ғана тұтқындарды жіберуге келісетінін айтады. ХАМАС қозғалысының мәліметінше, Израиль түрмелерінде 7 мыңға жуық палестиналық қамауда отыр.
Усама Хамдан, ХАМАС өкілі:
- Израиль өз азаматтарын қайтарығысы келеді екен, ол үшін біздің талапқа көну керек. Тек осыдан кейін ғана келіссөздер жүргізуге дайынбыз.