Ашқұрсақ балалардың саны күрт өскен
«Бала деген бауыр ет!». Қазір кедей-кепшіктен бөлек, әлемнің ең бай деген 40 елінде әрбір бесінші бала жоқшылықта өмір сүреді.
Бұл - ЮНИСЕФ-тің мәліметі. Экономикасы дамыған, дәулеті тасыған мемлекеттердің өзінде осындай жағдай. Ашқұрсақ балалардың саны күрт өскен.
Иә, кедей елдер десе, бірінші Африка мен Үндістанды еске түсіреміз. Ал Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Италия сынды ауқатты елдеріне не жорық?!
Бір елде азық жетпей әлек, енді бірінде балалар өліміне - семіздік себеп. Бұл ғана емес, балалардың нашар өмір сүруіне әсер ететін басқа да фактор көп.
Әлемде 1 миллиардтан астам бала климаты қолайсыз аймақта өмір сүреді. Ресми дерек бойынша, соңғы 6 жылда табиғат апаты салдарынан 43 миллион бала опат болған. Ал қазір 333 миллион бала аштық зардабын тартып отыр. Су тасқыны салдарынан күніне 20 мың бала жайлы баспанасы мен мектебін тастап кетеді. Ал ішерге асы бола тұра, дүние жүзінде 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің шамамен 45%-ы дұрыс тамақтанбау салдарынан болады. Ең сорақысы, одан жыл сайын орта есеппен 5 миллион бала қайтыс болады.
Тед Чайбан, ЮНИСЕФ директорының орынбасары:
- Қазір 155 елдегі кем дегенде 94 миллион баланы төтенше қаржыландыру бойынша шаралар жасап жатырмыз. Оған арнайы қордан 9,3 миллиард АҚШ доллар қаражат бөлінді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемде тағамның 30 пайызы қоқысқа тасталады. АҚШ-та бұл көрсеткіш 40, ал Ұлыбританияда 50 пайызға дейін жетеді. Еуропада 100 миллион тонна, дүние жүзінде 1,3 миллиард тонна азық-түлік ысырап болады. Сосын тоқ бола аш боламын деп қайдан ойласын.
Газа секторында қақтығыс басталғалы бері 15 523 адам қаза тапты. Оның 6 мың 387-сі бала.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, алдағы айда Газа секторында 5-мыңнан астам бала дүниеге келмек. Бірақ қазір мұнда перзентхана жоқ. Тақауда Әл-Шифа ауруханасында 39 шақалақ шала туған. Оның үшеуі қажетті ауа жетпей шетінеп кетті. Себебі, тоқтаусыз шабуылдардың кесірінен, ауруханаларда ахуал айтарлықтай нашарлады. Электр қуаты ажыратылғандықтан, аппараттар істен шыққан.
Газа секторында қаза тапқандар саны -15.523
Балалар – 6 387
Цитата:
- Газа секторы - балалар үшін ең қауіпті аймақ. Мұндағы балалар қатты зардап шекті. Шабуыл, індет, аштық бұл жалғаса берсе балалардың психикасы да бұзылады. Дереу қақтығысты тоқтату керек.
Джеймс Элдер, ЮНИСЕФ өкілі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа секторында жұқпалы ауру тарағаны хабарлаған. Елде ауызсу тапшы. Азық-түлік жоқтың қасы. Дәрі-дәрмек жетіспейді. Мамандар кез келген уақытта дерт өршуі мүмкін деп ескертеді. Бұл әсіресе бейкүнә періштелерге қиын болайын деп тұр. Өйткені мұндағы медицина балаларды қорғауға қауқарсыз.
Жұқпалы ауру тарауы ықтимал
Былтыр жер бетінде 136 мың бала қызылша дертінен көз жұмса, биыл бұл көрсеткіш 43 пайызға өсті. Әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. Мұның сыртында тырысқақта қауіп болып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 43 елдегі 1 миллиардтан астам адам осы тырысқақ ауруын жұқтыруы ықтимал екенін ескертті. Оның төрттен бір бөлігі балалар арасында тараған.
Тед Чайбан, ЮНИСЕФ директорының орынбасары:
- Балалар - қоғамның ең әлсіз бөлшегі. Қақтығыстар, табиғи апаттар, түрлі аурудың өршуіне олар төтеп бере алмайды. Сондықтан бүкіл ел бірігіп, балаларды қорғауға тиіс.
ЮНИСЕФ енді 17 миллионнан астам балаға қызылшаға қарсы вакцина салуды жоспарлап отыр. 19 миллионнан астам жас оқуға алынуы керек. Ал 26,7 миллион бала мен олардың қамқоршыларына психикалық көмек пен психоәлеуметтік жәрдем көрсетіледі. Тағы 52 миллион балаға ауызсу жеткізеді. Бірақ ЮНИСЕФ-тің бұл жоспары орындалған күннің өзінде, бейкүнә сәбилердің көз жасын тоқтата алмайтын тәріздіміз. Басты уайым осы.