Дүниеге келмеген баланың банкте шоты бар
Мұнайлы елдің тұрмысы шырайлы.
Біріккен Араб Әмірліктерінде үйленетін жастар неке қорынан 20 мың доллардай өсімсіз несие ала алады. Егер жас жұбайлар сәбилі болса, несие автоматты түрде жабылады. Ал нәресте үшін шот ашылады. Ондағы ақшаны шот иесі біздегідей тек 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Оқуға да жеңілдіктер бар. Мұның бәрі әрине мұнайдан түскен табыстың арқасы. Норвегияңыз да осы тақылеттес. Өмірге сәби келсе шотына сол сәтте ақша түседі.
ЦИТАТА
Мұнайдан түсетін табыс - бұл ұлттың байлығы, ал табиғи ресурс – бұл біздің балаларымыздың болашағынан алынған қарыз. Мақсатымыз - болашақ ұрпақты ешкімге қарыздар қылмау. Мұнайдан түсетін кірістер қазынаға емес, тікелей Ұлттық қорға түседі. Яғни қор элита емес, халықтың игілігі үшін жұмыс істейді. Бұл қатаң саясат және оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ — байдың да, шенеуніктің де.
Бьорн Энгесланд, "Норвегия Хельсинки комитеті" Үкіметтік емес ұйымының басшысы:
- Кувейт нәресте дүниеге келмей тұрып-ақ, банктен шот ашады. Алғашқы сома 3 мың АҚШ доллары. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Бұл шотты ата-аналар да толықтыра алады. Сингапур елі де 3 мың сингапурлық доллар көлемінде қаржы салады. Ал отбасында екінші бала дүниеге келсе оған тек 6 жастан бастап шот ашылады. Ирландия әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Ақшаны оның ата-анасы үшке бөліп алады. Алғашқысы нәресте туған кезде беріледі. Одан кейін 4 жаста, ал қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек.
Австралияда аналар көп бала тапса, ақшаны да көп алады. Босанған сайын бір реттік сыйақы ретінде 3 мың АҚШ доллары беріледі. Егер ана егіз не үшем туса да бәрібір. Қаражат осы шамада балалар 16-жасқа толғанша төленеді. Бұл ел сондай-ақ немересіне қарайтын ата-әжелерге де ақша төлейді. Яғни, аптасына 212 доллар беріледі.
Бұл тізімдегілер әлемдегі озық елдер. Жалпы өмірге келген бала үшін ақша төлейтін елдер аз. Тіпті кей мемлекеттер балаға ақша бермек түгілі, ауызына су тамызуға мұршасы жоқ. Дүниедегі дамыған елдердің тәжірибесін біздің елдің де қолға алуы болашаққа жасалған үлкен капитал іспетті.
Декреттік демалыс аз беріледі
Енді бір қызығы осы озық елдер балаға ақша төлегенмен, оның ата-анасының жағдайына қарай бермейді. Мысалы, Еуропаның Польша, Италия, Бельгия елдері сәбиіне аяғы ауыр аналар үшін 3 жарым ай ғана декреттік демалыс береді. Бұл кезеңді босанғанға дейін бір-екі аптаға, ал босанғаннан кейін тағы бірнеше аптаға бөлуге болады. Жаңа босанған аналар өзінің тұрақты жұмыс орнын сақтап қалу үшін, 3 айлық сәбиін бөбекжайға беруге мәжбүр. Одан әрі ақша төленбейді. Сөйтіп, бір қолымен берген ақшаны, мемлекет екінші қолымен қайтарып алады.