Өрге озған өзбек футболы

Іргедегі Өзбекстанда тәуелсіздік жылдары 10 стадион салынған.

Елдің түкпір-түкпірінде арнайы мектептер ашылып, балалар спорты жандануда. Көршіміздің аяқдопшылары қазір Азия құрлығында үздік саналады. Ал жас өрендері әлемдік біріншілікке қатысып, ширек финалға жеткен. Ала шапанды ағайын мұндай жетістікке қалай қол жеткізді? Нендей инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды?

Рауан Мыңбаев, тілші:

-Өзбекстан футболы дегенде ең алдымен Ташкенттің «Пахтакор» клубы ойға оралады. Ол кеңестік республикалар одағының чемпионатында танымал болған ұжым. Әсіресе, алматылық «Қайраттың» жанкүйерлеріне жақсы таныс. Бұл екі клубтың арасындағы кездесулер Орталық Азияның басты дербиіне баланған.

Қазір қазақстандық команда UEFA аясындағы жарыстарда, ал өзбекстандық клуб Азия құрлығында бақ сынайды. Соған қарамастан, екі ел арасында жасыл алаңнан тыс бәсекелестік бар. Өзбекстан осы уақыт аралығында 10 стадион салды. Оның екеуі 35 мыңдық.

Нарзулла Сайдуллаев, спорт журналисі:

- Футбол стадиондарын салу мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаға енді. Президенттің осы бағытта арнайы қарары қабылданды. Тек 2010 жылдардан бері 3 жаңа стадион салынды. Тағы бірнешеуі күрделі жөндеуден өтті. Ал сапасыз алаңдарда футбол ойнауға тыйым салынды.

Жалпы елде футбол матчтары өтетін 40-қа тарта кешен бар. Үкімет стадиондардың саны мен сапасын одан әрі жақсартуға ниетті. Ауылдық жерде инфрақұрылым қалыптастыратын кәсіпкерге жеңілдік жасау тәжіребесі енгізілді. Бастысы қаржы оңды-солды жұмсалып жатқан жоқ. Мәселен, Ташкенттегі «ұлттық» стадионның құрылысына әуелгіде 150 млн доллар қаралған. Кейін билік жағдайға араласып, шығынды 5 есе қысқартқан.

Мурод Атаджанов, балалар академиясының директоры:

- Футбол саласы мемлекеттің айрықша назарында. Бір ғана біздің академияда қосалқы 3 алаң бар. 3 қабатты ғимаратымыз толыққанды талапқа сай. Академияның шәкірттері Өзбекстан чемпионатында ойнайды. Кейбірі шетелде доп теуіп, жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Таяуда ғана бір жас футболшыны Түркия клубына жөнелттік.

Жасыл алаң сапасы назардан тыс қалған емес. Таяуда Ташкент іргесіндегі Алмалықта Сауд Арабиясының Әл-Иттихад командасы доп тепті. Бұл шағын қалашықтың өзінде инфрақұрылым стандартқа сай дегенді білдіреді. Стадион ескі болғанымен, жасыл алаң жаңа.

БЛИЦ:

- Осы жерде тәлім алып, Еуропаның белді клубтарында өнер көрсеткім келеді. Мақсатымыз - ұлттық құрамамен әлем чемпионатына қатысу.

- Көп ұзамай кәсіби футболға ауысамын. Орталық жартылай қорғаушымын. 9 жылдан бері осында тәлім аламын.

Өзбекстандық клубтар Азия жарыстарында үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ал футболшылар Еуропаның азулы командаларында ойнайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл құрама 2026 жылғы әлем чемпионатында бақ сынауы мүмкін.

Рауан Мыңбаев