Мигранттарға қатысты шектеулер күшейтіледі
АҚШ пен Францияда көші-қон саясаты күшейтіледі.
Техас штатының билігі полицияға келесі жылдан бастап шекарадан заңсыз өткендерді тұтқындауға рұқсат берді. Жергілікті судьялар оларды елден шығарып жіберуге құқылы. Ал Франция Үкіметі шетелдік азаматтарға жәрдемақы төлеуді қысқартады.
Техас губернаторы АҚШ-Мексика шекарасын заңсыз кесіп өткен мигранттарды тұтқындауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Құжат бойынша, шекарадан заңсыз өткен адам 180 күннен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ең қатаң жаза өз еліне оралудан бас тартқандарға қолданылады. Бұл өзгерістер 2024 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енеді. Алайда жаңа иммиграциялық заң нәсілдік кемсітушілікке алып келуі ықтимал,- дейді, тәуелсіз сарапшылар.
Викки Джамбра, заңгер:
- Біздің ойымызша, аталған өзгерістер ахуалды нашарлатуы мүмкін. Өйткені адамның түріне қарап, мигрант немесе жергілікті тұрғын екенін айыру мүмкін емес. Оның үстіне өзгерістің себептері нақты айтылмады. Сондықтан бұл нәсілдік дауға ұласуы әбден мүмкін.
Жаңа заңға сәйкес, екі ел арасындағы шекара қабырғасын салуға 1,5 миллиард доллар бөлінеді. Бұл шараның бәрі мигранттар ағынын шектеу үшін жасалып жатыр. Ал Мексика президенті Техас билігінің шешімін сынға алды.
Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:
- Техас губернаторының әрекеті тек жеке мақсатты көздейді. Яғни ол АҚШ республикалық партиясының вице-президенттігіне үміткер болғысы келеді. Мигранттардың құқығын таптау арқылы танымал болуға ұмтылады! Алайда, біз өз отандастарымыздың құқығын қорғаймыз! Қазірдің өзінде Техас штатын мекендейтін мексикалықтар саны өте көп! Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл заңға қарсы шараларды әзірлеп жатыр. Біз жауапсыз қалмаймыз!
Мексикамен жалпы шекарасы үш мың шақырымнан асатын Техас штаты мигранттар ағынынан қатты зардап шегіп отыр. Бір жыл ішінде 65 мыңнан астам мигрант штат арқылы АҚШ-тың өзге де аймақтарына қоныстанды. Дәл осы аумақ арқылы Куба, Гаити және Венесуэладан мыңдаған адам ағылуда, нөпір басылған емес.
Көші-қон заңы қатаңдатылды
Франция Сенаты көші-қон ережелерін қатаңдату туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатқа 214 адам оң дауыс беріп, 114-і қарсы екенін білдірген. Парламенттің екі палатасы да шетелдік азаматтарға жәрдемақы төлеуді қысқарту туралы шешімді қолдады. Өзгерістерге сәйкес, Еуроодаққа кірмейтін елдерден келген жұмыссыз мигранттар үшін тұрғын үй жеңілдіктеріне қол жеткізу бес жылға шегеріледі.
Иоан Гилле, "Ұлттық бірлестік" партиясының депутаты:
- Біз жылдар бойы алға тартқан осы іс-шараның барлығын халық қолдады. Сондықтан бұл идеологиялық жеңіс.
Айта кетерлігі, Франция - әлемдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі ең жомарт елдің бірі. Алайда, соңғы жылдары оңшылдар мен консерваторлар бұл құқықтар тек француздарға тиесілі болуы тиіс деп жүр.
Сымбат Молдатай