Ресейді үш түрлі індет жайлады
Ресейді коронавирус, тұмау және қызылша эпидемиясы жайлады.
Дәрігерлердің мәліметінше, соңғы бір аптаның ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 10%-ға өскен. Бұған енді қызылша мен көкжөтел қосылды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қызылшаға қарсы карантин енгізіліп жатыр.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейлік эпидемиолог мамандар үшін қыс соңында тұмау мен ковидтің маусымдық таралуы үйреншікті жайт. Бірақ бірден бірнеше инфекцияның, атап айтқанда қызылша, көкжөтел және микоплазмалық пневмонияның жаппай өршуі олар үшін күтпеген жағдай болды. Санкт-Петербургте балалар арасында микоплазмалық пневмонияның таралуы байқалса, Мәскеуде көкжөтел күшейе түсті.
Ауруханалардың алдында жедел жәрдем көліктері кезекте тұр. Науқастардың көптеп келуіне байланысты жедел жәрдем бөлімінде дәрігер көмегін бірнеше сағат күтуге тура келеді.
Геннадий Онищенко, эпидемиолог:
- Біздің елімізде тұмаудың таралу қарқыны айтарлықтай жоғары. Отыз пайызға өсті. Ресейдің 36 қаласында тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиялық шек 20%-ға артты.
Эпидемиолог мамандар қызылша мен көкжөтелдің пайда болуын екі себеппен түсіндіреді. Біріншісі ковид пандемиясы кезіндегі шектеулер салдарынан көптеген респираторлық инфекциялардың белсенділігі төмендеген. Ал шектеу шаралары алынғаннан кейін қызылша мен көкжөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші күрт өсті. Екінші себеп, екпе алмағандар санының айтарлықтай артуы.
Александр Горелов, ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:
- Ересектер де қызылшамен ауыруы мүмкін. Ал ауру асқынса энцефалит, кереңдік, соқырлық пайда болуы ықтимал. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа ереже енгізуді ұсынып отыр. Оған сәйкес енді қызылшаға қарсы екпе тек сәбилерге ғана емес, ересектерге де салынбақ.
Дана Нұржан, тілші:
- Енді жергілікті дәрігерлер он жылда бір рет қызылшаға қарсы антиденелердің бар-жоғын тексеруді ұсынады. Егер олар жоқ болса, екпе егу талап етіледі. Роспотребнадзор жаңа жылдық мерекелер кезінде міндетті түрде бетперде тағу немесе басқа да шектеулер енгізбейтінін айтты. Дегенмен, бұл мекеме қоғамдық орындарда мүмкіндігінше бетперде тағып жүріңіздер деген кеңес беріп отыр. Қолды мұқият жуу, антисептиктер қолдану және гаджеттерді дезинфекциялау сияқты үйреншікті ережелерді естен шығармаған абзал, дейді эпидемиологтар.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров