Таяу шығыс. Қаза тапқандар саны 20 мыңнан асты
Газа секторында Израиль шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтар саны 20 мыңнан асты.
Тағы 53 мың адам жарақат алып, 7 мыңға жуық тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.
Бұл туралы аймақтағы Абу Сеф әл-Наджар ауруханасының басшысы хабарлады.
Опат болғандардың 70 пайызы әйелдер мен балалар.
Марван әл-Хамс, Абу Сеф әл-Наджар ауруханасының директоры:
- Біздің қолымздағы соңғы мәлімет бойынша Газада қарулы қақтығыстан қаза тапқан палестиналықтардың саны 20000-нан асқан. Шабуылдан көбіне бейбіт тұрғындар опат болды. Ауруханаларда науқастарға орын жетіспей, жаралыларды еденге жатқызып емдеуге мәжбүрміз.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтауы ұйымы өкілдері Газадағы ауруханалардың жағдайымен танысып қайтты.
Қазір аймақтағы емдеу мекемелерінде ахуал өте қиын. Науқастар саны күн сайын көбейіп жатқанына қарамастан дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жетіспейді. Маман да тапшы. Дәрігерлер адамдарға көмекті дәліздерде көрсетіп жатыр. Құрал-жабдық тапшылығынан операция жасауға мүмкіндік жоқ. Халықаралық ұйымдар қақ-тығысушы тарапты атысты тоқтатып, дереу гуманитарлық көмекті арттыруға шақырды.
Шон Кейси, ДДСҰ жедел медициналық көмек бригадасының үйлестірушісі:
- Газаға ашаршылық қаупі төніп тұр. Тұрғындардың барлығы аш-құрсақ. Ауруханаларда азық-түліктен тек күріш қана бар. Адамдар күніне бір-ақ рет тамақтанады. Біз өңірге қолдан келгенше көмек көрсетіп, медициналық препараттар мен дәрілік заттар жеткізіп жатырмыз. Бірақ ота жасау үшін ауруханаларда жанармай жетіспейді.
Израиль билігі Газа секторының орталық бөлігінде тұрып жатқан халықты эвакуациялау туралы бұйрық берді.
Әскерилер аймақтағы тұрғындарды Хан-Юнис қаласының оңтүстігіне көшуге шақырып жатыр. Бірақ мұнда бомбадан қорғайтын орындардың бәрі адамдарға лық толған.
БҰҰ дерегі бойынша, Газада қарулы қақтығыс басталғалы өңір халқының 85 пайызы өз үйін тастап кетуге мәжбүр болған.