Әлемдегі иттерге қатысты қызықты ақпараттар
Оңтүстік Корея билігі иттің етін жеуге тыйым салғалы жатыр.
Бұл бастаманы әуелде оппозиция көтеріп, кейін оны билік басындағы "Халық күші" партиясы қолдаған. Олар «ит етін жеу – Оңтүстік Кореяның халықаралық аренадағы имиджіне нұқсан» дейді.
Иттің етін «иттің етінен жек көретіндер» көбейген
Билік бастама көтерсе де, заң жобасын қабылдату оңайға соқпай жатыр. Өйткені иттің етін сату – бұл елде өте үлкен бизнес. Оны кәсіп қылғандар қатты ашынып, тіпті ел астанасы Сеулдің көшелеріне 3 миллион салпаңқұлақты қоя береміз деп сес көрсетті.
Билік заң жобасы жыл аяғына дейін қабылдануға тиіс дейді. Ит етін жеуге және сатуға бірден тыйым салынбайды. Кәсіпкерлер бұл саудадан 2027 жылға дейін біртіндеп бас тартуы керек. Тіпті бизнесмендерге 20 миллион вон өтемақы төлеуі де ықтимал. Бұл біздің валютаға шаққанда 7 миллион теңге.
Ан Бюн-Гил, "Халық күші" партиясының заңгері:
- Бұл заң итті үй жануары ретінде өсіруге, союға, таратуға және жеуге тыйым салуды көздейді. Ит етін сатумен айналысып келген бизнесмендерге 2024 жылдан бастап 3 жыл мерзімде кәсібін толық өзгертуге мүмкіндік беріледі.
Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» десе, корейлер «Ит ашуы – жан ашуы» деп ашынады. Иттің етін сатып, қыруар пайда тауып отырғандар жаға жыртысуға дайын.
Атышулы заң жобасы қоғам талқысына ұсынылған сәттен бастап қып-қызыл төбелестің болары айқын еді. Өйткені ит сату бизнесі тұраласа, төрт аяқтыны бағып-қағатын 3500 шаруа қожалығы, 34 сойыс орны, 219 жеткізу компаниясы мен 3 мың мейрамхана қып-қызыл шығынға батқалы тұр. Статистика бойынша, Оңтүстік Кореяда жыл сайын 2 миллион салпаңқұлақ сойылып, 100 мың тонна ет желінеді.
Нам Сун-Гу, ит еті мейрамханасының иесі:
- Ит етін сатумен айналысқаныма бақандай 30 жыл болды. Бұл ақша табатын жай ғана бизнес емес, бұл – біздің ата кәсібіміз. Енді аяқ астынан 3 жыл ішінде одан біртіндеп болсын бас тартыңдар деп жатыр. Бұл ақылға қонымсыз нәрсе. Ешкім де ойнап жүрген жоқ.
Бірақ Gallup институты жүргізген сауалнамаға қарасақ, оңтүстік кореялықтардың 60 пайызы иттің етін жеуге қарсы екенін ашық білдірген. Әсіресе жасы 45-ке дейінгі тұрғындар төрт аяқтының етін мүлде жемейтін болған.
Британия буллимен «соғысады»
Британияда америкалық булли деген азуы кере қарыс иттерге қарсы "соғыс" жарияланды. 31 желтоқсаннан бастап тұмсығына тұмылдырық салынбаған буллимен көшеде жүруге болмайды. Ал келер жылдың ақпанынан бастап оларды асырауға біржола тыйым салынады. Рұқсат алу үшін буллиды ресми тіркетіп, чиптеу қажет.
Кристин Миддлмис, бас мал дәрігері:
- Америкалық булли – табиғатынан қабаған ит. Сондықтан оларды қатаң бақылауға алып, талапқа сай ұстау қажет. Бұл шарттар орындалмаса, қабаған итті эвтаназиямен өлтіргеннен басқа жол жоқ. Біз халықты қорғауымыз керек. Онсыз да буллиге таланған адамдар жетіп-артылады.
Ал Испанияның Барселона қаласында қарғыбауы жоқ итпен көшеде жүргендер жазаланады. Айыппұл көлемі 2400 еуроға дейін жетуі мүмкін. Бұл заң негізі 9 жыл бұрын мақұлданған еді. Бірақ одан кейін бірден мораторий жарияланып, оның күші енді ғана жойылды.
Баласынан иті көп Испания
Испанияда балаға қарағанда ит көп. Елде жасы 13-ке толмаған 5 миллион 400 мың жеткіншек болса, салпаңқұлақтардың саны 9 миллион 300 мыңнан асады. Бұл Испанияның Үй жануарларына азық өндірушілер қауымдастығының мәліметі. Мұның себебі – экономикалық дағдарыс жайлаған елде баладан гөрі ит асырау тиімді үрдіске айналған.
Адам қымбат па, хайуан қымбат па?
Көршілес Ресейдегі Алтай Республикасының билігі де иесіз иттерді эвтаназиямен өлтіруге рұқсат берді. Бірақ бұған жануарлар құқығын қорғайтын белсенділер қарсы. Тіпті олар петиция жариялаған. Онлайн шағымға осы сәтке дейін 141 мыңнан астам адам қол қойыпты.
Жалпы Ресейде жылына адамды ит қауып алған 300 мың оқиға тіркеледі екен. Оның 35-сі өмірімен қош айтысады. Осыған қарап адамның өмірі қымбат па әлде хайуан құнды ма деген ой туады.
Ернат Мелсұлы, «24.KZ»