Әлемдік экономика және 2023 жыл
Биыл әлемде бірқатар саяси жетістіктер болды. Таулы Қарабақ Әзербайжанның бақылауына өтті.
Енді мемлекет Армениямен бейбіт келісімге қол қою керек. Бірақ Таяу Шығыстағы шиеленістің шешілетін түрі жоқ. Израиль билігі мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы уақытша бітім 7 күнге ғана созылып, қазір атыс-шабыс үдей түсуде. Биыл саясат пен экономикада болған басты оқиғалар жайлы біліңіздер.
Мынау осы айда Әзербайжан мен Армения шекарасында түсірілген бейнежазба. Тараптар әскери тұтқындармен алмасуда. Бұл қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жақсартудағы кезекті қадам. Биыл қыркүйекте екі елдің жанжалдасуына себеп болған Таулы Қарабақ Әзербайжанның бақылауына өтті. Енді Баку мен Ереван бейбіт келісімге қол қоймақшы.
Биыл күзде әлем назары Таяу Шығысқа ауды. 7 қазанда ХАМАС күтпеген жерден Израильге шабуыл жасады. Палестиналық қозғалыс мүшелері арадағы шекара арқылы өтіп, елді мекендерге басып кірді. Еврей елі жауап ретінде «Темір қылыштар» операциясын бастап кетті. Палестина аумағы әуеден атқылануда. Құрлықтағы операция да жүріп жатыр. Газа Секторында қаза тапқандар саны 20 мыңнан асады.
Қарашаның соңында тараптар уақытша бітім жариялады. 7 күнге жалғасқан тыныштық тәртібі кезінде оқ атылмай, екі жақ тұтқындармен алмасты. Оның үстіне өңірге жеткізілетін гуманитарлық көмек те ұлғайды. Алайда бір аптадан кейін тараптар оқ атпау тәртібін бірінші болып бұзды деп бірін-бірі айыптап, атыс-шабыс жалғасып жатыр. Сарапшылар қарулы қақтығыстың қашан аяталатынын болжап айту қиын дейді.
2023-жылдың басты саяси жаңалығының бірі – НАТО-ның кеңеюі. Солтүстік атланатикалық блокқа биыл көктемде Финляндия қосылды. Енді одақ құрамында 31 мемлекет бар. Оған Швеция да кіруге ниетті. Алайда ұзақ уақыт бойы Түркия қарсы болып келді. Күзде Анкара өз келісімін берді. Алайда енді шешімді Венгрия да құптау керек. Алайда бұл жағы қиындау дейді сарапшылар. Қос ел де Еуроодаққа мүше болғанымен, өзара қарым-қатынасы күрделі. Кезінде одақ басшылығы Венгрияға қарастырылған миллиардтаған еуроны бөлмеуді шешкен еді. Бұл ел ұлттық заңдарын еуропалық ережелерге сәйкес келтіруге тиіс деген талап қойылды. Бастаманы ұсынғандардың бірі – Швеция. Стокгольм демократиядан айнығаны үшін Будапештті жиі сынайды.
Наурызда АҚШ-тағы ірі банктің бірі – Silicon Valley Bank жабылып, мұның соңы нарықта дүрбелең туғызды. Мекеме Силикон алқабындағы стартаптарды қаржыландырып келген.
Сарапшылар мұны 2008 жылы қаржы дағдарысы кезіндегі жағдаймен салыстыра бастады. Мамандар бәріне Федералды қор жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеруі себеп дейді.
Араға бірнеше күн салып Швейцариядағы ең ірі банктің бірі – Креди Сюисс те банкротқа ұшырады. Бір жарым ғасырлық тарихы бар қаржы мекемесі шығынға батып, акциялары құлдырады. Сөйтіп оны бәсекелесі сатып алды.
Сарапшылар екі банк те қиын жағдайға жақсы дайындалғанын айтады. Тек соның арқасында ғана 2008 жылғы дағдарыс қайталанған жоқ дейді.
Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал элемдік экономикаға салмақ түсірді. Оған жаһанды жайлаған қымбатшылықты қосыңыз. Инфялцияны тежеу үшін көп елде орталық банктер пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болған. Бірақ соған қарамастан, Венесуэлада, Аргентина мен Түркияда баға өсімі рекордтық көрсеткішке жетті.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, жүзден аса қаржы реттеушісі өзінің жеке цифрлық валютасын жасап шығару мүмкіндігін қарастырған.
Ал келер жыл жайлы айтатын болсақ, 2024 жылы әлемдік экономика 2,7 пайызға өсуі мүмкін деген болжам бар. Бұл 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі ең төменгі көрсеткіш. Жағдайдың оңалмауына Таяу Шығыстағы шиеленіс әсер етіп отыр дейді сарапшылар.
Жұлдыз Атагельдиева, Зауреш Думанқызы, «24.KZ».