Мұз қоймасы және мұз өзеннің қайықшысы
Қыстың көркі – қар деп жатамыз ғой. Енді мұздың да көрік беріп тұрғанын ұмытпайық. Гляциология деген ғылым бар.
Елде күн райы бұзылып, жаңбыр жауып, көктайғақ болып жатыр ғой. Гляциология – мұз бен қарды зерттейтін ғылым.
Мұз қоймасы
Дания астанасы Копенгагенде ерекше қойма бар. Мұрағат десе де болады. Гляциология профессоры 2 мың қорап мұз жинаған. Егер олардың бәрін біріктірсе, ұзындығы 25 шақырымға жетеді. Бұл қойманың негізі 1991 жылы қаланған. Ғимарат ішіндегі температура үнемі минус 30 градус болуға тиіс.
Джорген Стеффенсен, гляциология профессоры:
- Арктикада басқа мұзды аймақтарға қарағанда еру үдерісі 4 есе жылдам жүріп жатыр. Негізі мына қойманы баяғыда ашуымыз керек еді. Бірақ "ештен кеш жақсы" деген. Бұл мұздарды сақтау, зерттеу арқылы біз климат өзгерісінің беталысын болжай аламыз. Осылайша техногенді ластанудың себеп-салдарын анықтап, алдын алуға болады. Сондықтан да мұз мұрағатының маңызы зор.
Ғалымның шырылдайтындай жөні бар. Арктикадағы мұзтаудың тағы бір үлкен бөлігі жібіп, бөлініп қалды. Бұл тұтас ғаламға қауіп. Өйткені жібіген мұз мұхиттағы суды көбейтіп, жер жаһанды топан су басуы мүмкін.
Мұзды аймақтың еру қарқыны 2015 жылдан бері рекордты көлемде жүріп жатыр. Кейінгі 43 жылда Антарктида 36 пайызға қысқарған. Қазіргі аумағы – 1 миллион 77 мың шаршы шақырым. Мұзды құрлықты мекендейтін патша пингвиннің 10 мың балапаны мерт болған. Өйткені олардың суға төзімді қанаттары өсіп үлгермеген.
Антье Боэтьюс, Альфред Вегенер институтының директоры:
- Арктика мен Антарктиданың мұзы неге күтпеген жағдайда тез еріп жатыр? Бұлай жалғаса берсе, біз бүкіл мұздан айырылуымыз мүмкін. Бұған басты себеп – көміртегі газы. Егер барлық адамзат бірлескен батыл шешімдер қабылдамасақ, ауа температурасы плюс 2 градусқа жетуі мүмкін.
Мұз мазаны алып барады
Ал Қытайда керісінше. Елдің солтүстік-шығысындағы Ляудұң шығанағында мұз қатып, көлемі кеңейіп барады. Аумағы 6138 шаршы шақырымға жеткен. Негізі бұл үдеріс 2001 жылдан бері ақырындап жүре бастаған. Мамандар мұз аумағы бұдан да ұлғаяды дейді.
Ли Ге, мұз метеорологі:
- Бұл құбылысты рекордты және тарихи деп бағалауға болады. Аймақтағы ауа температурасы төмендеп жатыр. Мұздың қатуы аймақтағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне, кемелердің жүріс-тұрысына, су шаруашылығы және мұнай өндіру ісіне зиян келтіруі мүмкін. Оның үстіне, бұл мұз кейін еруі мүмкін. Жағдайды жерсерігі арқылы жүйелі бақылап отырмыз. Негізі бұл қауіпті құбылыс.
Мұздағы марафон
Қауіпті қайдам, марафоншылар Антарктиданың қызығын көріп жүр. Ол жаққа мұз үстінде жүгіру үшін 68 желаяқ барған. Олар ер және әйел болып жарысты. Екі санатта да америкалықтар алдына жан салмады. Стефани Эстридж қашықтықты 5 сағат 4 минут 13 секундта еңсерсе, оның отандасы Майкл Хиггинс мәреге 4 сағат 1 минут 45 секундта келген.
Стефани Эстридж, әйелдер арасындағы жеңімпаз:
- Антарктидада жүгіру өте қиын. Бұл менің өмірімдегі ең ауыр марафон. Жүгіріп келе жатып, қатты қиналған сәттерде осы тірлігіңді жек көргізетіндей неше түрлі теріс сезімдер болады.
Майкл Хиггинс, ерлер арасындағы жеңімпаз:
- Әрине тыңғылықты дайындаласың. Ойыңмен осындай қиындықтар болуы мүмкін деп болжайсың. Бірақ нақты жүгіруге шыққанда күткендегіден өте ауыр болады екен. Тіпті орта жолда шашылып қала жаздайсың. Бүгін қайта күн шығып тұрды. Бұл тамаша тәжірибе!
Мұзды өзен қайықшысы
Екінің бірінің қолынан келмейтін керемет тәжірибені испаниялық кайықшы көрсетті.
Ол Норвегияға арнайы барып, Арктикамен шектесіп жатқан, биіктігі 20 шақырым болатын мұзды сарқырамадан секірді. Аймақтағы өзенмен жүзіп, мұзды туннельдерден өткен. 32 жастағы Аньоль Серрасолсес мұзды өңірді қайықпен жүзіп өткен алғашқы адам ретінде тарихқа енді.
Аньоль Серрасолсес, байдарка есуші:
- Мұзды су өте мөлдір болады. Бұл жақта ешқандай ластану көзі жоқ қой. Өзеннің түбі айнадай болып жарқырап, көрініп жатады. Сезімімді тілмен жеткізе алмаймын.
Мұзда "біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді." Әлемнің бірқатар елінде көктайғақ болып жатыр. Мәселен, АҚШ-тың солтүстігіндегі жолдарға мұз қатып, көлік қозғалысы қиындады. Әуе рейстері де кейінге шегерілген. Жаңа жылды қарсы алу үшін үйіне немесе демалыс орнына асыққан миллиондаған америкалық қолайсыз күн райынан зардап шегуі мүмкін.