Жаһанды жаулаған жасанды интелект
Жасанды интеллект, ChatGPT, нейрожелі... Биыл ең көп талқыға түскен тақырыптар.
Бір уақыт жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне таң қалдық, ал енді бірде адамзатты жұмыссыз қалдырмай ма деп қауіптендік... жасанды интеллект технологиясының артықшылақтары мен кемшіліктері жөнінде біле жүріңіз.
ChatGPT – жыл жаңалығы
Былтыр жыл соңында қолданысқа еніп, биыл қолданушылар арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Ақылды машина бір мезетте миллиардтаған параметрді қамти алады. 100 миллион қолданушысы бар. Чат-бот өзі мәтін жазады, өлең шығарып, диалог жүргізеді.
Алайда оны Google компаниясының басып озатын түрі бар. Енді ChatGPT өз қызметін сурет, бейне мен дыбысты, сондай-ақ мәтін мен кодты адамнан да жақсы түсінетін Gemini-ге беруге мәжбүр. Бұл Google-дің ЖИ жүйесі.
Gemini-дің «ақылы» ChatGPT-4-тен де, мықты сарапшылардан да озық шықты. Бұл жүйе математика, физика, тарих, құқық, медицина және этика сияқты 57 ғылыми бағытты қамтиды.
Жасанды интеллект: қауіпсіздік туралы заң
Жасанды интеллекттің пайдасымен бірге, зиянды тұстары да бар. Әлем елдерінде бұл бағдарлама кең талқыға түсіп жатқаны рас. Еуропалық полиция қызметі алаяқтыққа кең жол ашылды деп дабыл қақты. Осыған байланысты Еуроодақ елдері жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану туралы заң жобасын әзірледі. Осыдан кейін көп елдерде жасанды интеллектіні бей берекет қолдануға шектеулер қойылды.
Мәселен, Италия билігі технологияның әзір бізге керегі жоқ деп, оны бұғаттап тастады. Өйткені қолданушылардың жеке деректері заңсыз тарап кеткен. АҚШ-та да технологияны этикаға сай және жауапкершілікпен пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған стандарттар әзірлене бастады. Ал Қытайда қазірдің өзінде шектеулер бар. Тілдік модельді пайдалану үшін лицензия алып, деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беру қажет.
Десе де сарапшылар жасанды интеллектінің артықшылықтары туралы да ұмытпауға шақырады. Әсіресе жұмыс сапасын жақсарту жағын алға тартады.
Технология 800 мамандықтың еңбек өнімділігін арттыра алатынын айтады. Мамандар жасанды интеллектінің экономикалық пайдасын да ерекше атап өтті. Маккинзи халықаралық консалтингтік компаниясының есептеуі бойынша, оны 60 түрлі салада қолданып, әлемдік жалпы ішкі өнімді жылына 2,5 триллион АҚШ долларына дейін арттыруға болады екен.
2032 жылға қарай әлемдегі жасанды интеллект нарығы 30 есе өсіп, шамамен 1,5 триллион долларға жетеді. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы онжылдықтарда жасанды интеллект көптеген кәсіп түріне түзетулер енгізеді. Қызметкерлердің негізгі міндеттеріне қойылатын талаптар да өзгермек.
2027 жылға қарай әлемдегі компаниялардың 75%-ы жасанды интеллект арқылы басқарылатын құрылғыларды пайдалануды көздеп отыр. Бұл шамамен 26 миллиондай жұмыс орны қысқарады деген сөз. Бұған қатысты британиялық ғалымдар болса жасанды интеллект тек қолымызды ұзартады деп сенеді. Жұмыс аптасы қысқарып, адамның өз-өзіне көңіл бөлуіне көп уақыт қалады. Бұл әлеуметтік те экономикалық та жағынан тиімді тәсіл.
Фариза Жанғанаева, «24.KZ».