Еуропаны елеңдеткен көші-қон АҚШ-ты да айналып өтпеді
Еуропада 2015 жылғы көші-қон дағдарысының тағы қайталануы мүмкін.
Әсіресе Италия мен Испаниядағы ахуал қиын болып тұр. Мұнда заңсыз мигранттар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Мәселені шешу үшін Еуропа елдері тіпті бір-бірімен араздасуға дейін барды.
АҚШ-та да босқындарға қатысты жағдай ушығып барады.
Биыл әсіресе Италиядағы ахуал қиын болды. Қыркүйекте Лампедуза аралына небәрі 2 күн ішінде 6 жарым мыңнан аса заңсыз мигрант келген. Бұл арал тұрғындарының санынан да көп.
Ең қызығы – босқындарды қабылдау орталығы 400 адамды ғана орналастыруға лайықталған. Сырттан келгендердің барлығын жатқызатын орын таппай әлекке түскен Лампедуза басшылығы үкіметтен көмек сұрады. Ал ондағылар Еуроодаққа мүше елдердің билігін ауыртпалықты бірге көтеруге шақырды. Бірақ олар ат-тонын ала қаша бастады. Сөйтіп күзде Италия Еуроодаққа мүше емес – Албанияда босқындар орталығын салып, заңсыз келген мигранттарды сонда жіберу туралы келісімге келді.
Джорджа Мелони, Италия премьер-министрі:
- Бұл келісімшарт екі ел арасындағы ынтымақтастықтың саяси және құқықтық жақтарын анықтайды. Құжат бекітілген соң Албания аумағында орталықтар құру басталады. Оларды келесі жылдың көктемінде ашу жоспарланып отыр.
Көші-қон мәселесі Испанияның да бас аурына айналды. Канар аралдарына жыл басынан бері келген заңсыз мигрант саны 32 мыңнан асып кеткен. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бәрін орналастыруға орын жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан сырттан келгендер әскери казарма мен қонақ үйлерге жайғастырылатын болды.
Канар аралдары Африка жағалауынан 100 шақырым жерде орналасқан. Сол себепті де Қара құрлықтан Еуропаға ағылған босқындар үшін сумен осында жету ыңғайлы.
Хаким Уахмех, босқын:
- Қолдан жасалған ағаш қайықпен жүзіп келу үшін де батылдық керек. Мен мұндай жолдан қорқып, Мароккодан автобустың астына жасырынып Барселонаға дейін әзер жеттім. Қазір тұратын жерім жоқ. Дегенмен қызанақ, апельсин жинап, күн көрем. 8 сағаттық жұмыс үшін 20 доллар аламын. Құжаттарым да жоқ, полиция ештеңе істей алмайды.
Көші-қон дағдарысы Солтүстік Америкада да өршіп тұр. Дональд Трамп тұсында АҚШ-та миграциялық ережелер қатаңдатылған. Бірақ билікке демократ Джо Байден келгеннен кейін олар жеңілдетілді. Оның үстіне биыл коронавирус пандемиясы кезінде шекара асуға тыйым салатын заң да күшін жойды.
Сөйтіп Мексика жақтан "америкалық арман қуған" мигранттар легі толастамай тұр. Жарты жыл ішінде заңсыз жолмен 342 мың адам шекара асқан. Көбі Куба, Венесуэла, Гаити мен Гондурас елдерінің азаматтары. Олар отанындағы экономикалық қиындықтардан, қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығынан қашып келгендерін айтады.
Бұл азаматтарды жеткізумен заңсыз топтар айналысады. Қызметі үшін бір адамнан 15 мың долларға дейін сұрап жатады. Ақшасы былай тұрсын, бұл қауіпті дейді құқық қорғаушылар. Өйткені қылмыстық топтар тарапынан тонау оқиғалары жиілеп, зорлық-зомбылықтар жасалған.
Сөйтіп алғашқы жарты жылда "америкалық арман қуған" 200 адам жарты жолда көз жұмды. Із-түзсіз жоғалып кеткен мыңнан аса адамның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.
Жұлдыз Атагельдиева, «24.KZ».