Әлем Айға қарап отыр
"Қалауын тапса қар жанар" деген. 2024 жылы жазда ғарышқа ағаштан жасалған жерсерігі ұшырылғалы жатыр.
"Естімеген елде көп." бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық қой. Ол зымыран қандай ағаштан жасалады екен?++
Жапонияның Киото университетінің ғалымдары магнолия өсімдігін таңдап алған. Оның басты ерекшелігі – ауасыз кеңістікте жанбайды және шірімейді.
Негізі ғалымдар ғарышқа магнолиядан басқа шие мен қайың да жіберген. 10 айға созылған сынақтан тек магнолия ғана өтіпті. Ол температураның күрт төмендеуі мен тік түскен сәулелерге төтеп берген. Бұл ағаш Жердің ауа қабатына енгенде ғана өртеніп, күлге айналады, бірақ ең кереметі, одан қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Эко жерсерігінің көлемі крөшкедей ғана екен.
Ғарышқа зиянды қалдық қалдырмайтын жерсерігін жіберу – аса маңызды. Өйткені қазір аспанда шамамен 10 мың тонна қоқыс бар. Олар да ғарышты ластап жатыр. Бірақ аспан экологиясын таза ұстаймыз деп ғарыш державалары қарап отырмақ емес.
2024 жылдың қарашасында НАСА Айға "Артемида-2" зымыранын аттандырмақ. Ғарышкерлер Айдың жанындағы жерсерігіне адам түсе алатындай жол салып, онда тұрақты база тұрғызады. Миссияға 4 миллиардтан астам доллар жұмсалады деген ақпарат бар.
Марсиа Данн, сарапшы:
- 2024 жылы 4 ғарышкер – 3 америкалық және 1 канадалық азамат Айға ұшады. Бірақ қонбайды. 10 күнде айналып шығады. Осылайша олар Айға адамның табаны тиетін келесі миссияға жол ашады. Адамзаттың Айға ұшпағанына жарты ғасырдан асып кетті. Сондықтан мұның бәрі тарихи сәтке айналмақ.
НАСА-ның таңдай қақтырар жоспары мұнымен шектелмейді. Инженерлер әуелі Айға, сосын Марсқа гуманоид жіберуді жоспарлап отыр.
Адамға ұқсайтын робот логистика, өндіріс және медициналық жәрдем көрсету сияқты қызметтер атқармақ. Тіпті алда осындай гуманоидтарды Жерден басқару да пысықталып жатыр. Роботтың бойы – 188 сантиметр, ал салмағы – 136 келі. Ол бір зарядпен 4 сағат жұмыс істеп, 25 келі жүк көтере алады. Гуманоид қазірдің өзінде Жердегі қоймалар мен фабрикаларда түрлі жұмыстар атқарып жүр.
Шон Азими, НАСА-ның робот техникасы тобының жетекшісі:
- Бұл гуманоидтар ғарышкерлерге жақсы қолғанат бола алады. Әсіресе олар ыңғайсыз, қауіпті және лас жұмыстар үшін таптырмайтын құрал. Алдағы уақытта бұларды Ай мен Марсқа жіберіп, Жердегі оператор арқылы пультпен басқарылатындай деңгейге жеткіземіз.
Айға Қытайдың да таласы бар. Азиялық ел 3D-принтерде басып шығарылған дайын кірпіштен жұмыртқа тәрізді үй салмақ. Ғимарат "Айдағы ұя" деп аталады. Ол 2 қабаттан тұрады. Миссия келесі жылы басталады. Арнайы құрал Айдан 2 мың грамм топырақ әкелуі керек. Ғалымдар кірпішті осы топырақтан жасаймыз дейді. Осылайша әбден жан-жақты зерттеліп, түпкілікті дайындықтан кейін 2028 жылы Халықаралық зерттеу станциясының нақты моделі құрылмақ. Жобаның бірінші кезеңі 2030, ал екінші соңғы кезеңі 2040 жылы аяқталуға тиіс.
Чжоу Чэн, цифрлық құрылысқа арналған технологиялық инновациялар орталығының профессоры:
- Әрине Айда құрылыс салу оңай емес. Ондағы температура өте экстремалды әрі құбылмалы. Әдетте Цельсий бойынша күндіз 180, ал түнде 190 градус аяз болады. Тіпті температура 300-400 градусқа дейін жетуі мүмкін. Құрылыс материалдарын жасағанда, олардың салмағының жеңілдігіне және беріктігіне басымдық береміз. Ғимараттың іші адам тұруы үшін жылы және жайлы болуға тиіс.
Ғарышқа Үндістан да көз тігіп отыр. Ол жақтан келер жылдың ақпан және маусым айында миссия аттындыру жоспарланған. Екі құрал да адамсыз ұшады. Ал 2025 жылы үнді елі алғаш рет аспанға 3 ғарышкерін жібермек. Бұдан бөлек, Еуропа ғарыш агенттігі 2024 жылдың 5 қыркүйегінде Меркурийдің маңына аппарат аттандыруға ниетті. Сол жылғы күзде Жапония Марстың жанына роботты зонд ұшырады.