Шанхайды көк түтін тұмшалады

Еуропадағы қолайсыз күн райы тұрғындардың мерекелік көңіл күйін бұзып тұр.

Германияда нөсер соңы су тасқынына ұласты. Венгрияда да осындай жағдай. Чехияда да қауіп басым. Сондықтан билік мерекелік іс-шаралардан бас тартты. Ал Азия елдерінің тұрғындары көк түтіннен көз ашпай отыр.

Шанхайды көк түтін тұмшалады

Мынау – Қытайдың экономикалық орталығы – Шанхай қаласы. Шаһардағы  туристер арасында танымал орындар көзге көрінбейді. Өйткені шаһарды көк түтін тұмшалаған. Салдарынан көшеде көлік қатынасы қиындады. Сондықтан жолдардың біразы жабық тұр. Кемелердің суға шығуына тыйым салынды. Ондаған әуе рейсі кейінге шегерілді. Мамандар алдағы күндері Шанхайдан бөлек, Қытайдың шығысындағы бірнеше өңірде де қалың тұман болатынын ескертіп отыр. 

У Жуй, Шанхай метеорологиялық бюросының бас маманы:

- Тұман әлі сақталады. Көп өңірде жолды көру қиындады. Кейбір аудандарда 200 метрден артық жер көзге көрінбейді. Сондықтан тұрғындарды сақ болуға шақырамыз.

 

Пойыздар кешігіп жатыр

Үндістанда да осындай жағдай. Ел астанасы Нью-Делиде жұрт діттеген жеріне уақытында жете алмай әлек. Көру мүмкіндігінің нашарлауына байланысты пойыздар 3-4 сағатқа кешігіп шығып жатыр. Метеорологтар жақын арада жағдай жақсармайтынын айтады. Сондықтан көлік жүргізушілерін алысқа жоспарлаған сапарларынан уақытша бас тартуға шақырып отыр. 

Субхаш, жолаушы:

- Пойыздар қатты кешігіп жатыр. Түнде станцияға 8 пойыз келу керек еді. Алайда бір де біреуін көрген жоқпыз. Вокзал басшылығы да жөнді ақпарат бермей отыр.

 

Тасқын судың әлегі

Ал Перу тұрғындарын тасқын су әлекке салды. Латын Америкасындағы бұл елдің солтүстік-шығысында нөсер толастар емес. Мұның соңы тасқынға ұласқан. Бүлінген үйде есеп жоқ. Кейбір жерде су белауардан келеді. Сондықтан тұрғындар керек жеріне қайықпен жетуге мәжбүр.

Алекс Руис, құтқару қызметінің өкілі:

- Бұл басы ғана. Табиғат апаты әлі наурызға дейін жалғасады. Негізі бұл – жыл сайын қайталанатын жағдай. Алайда биылғы тасқынның салдары ауыр.

Еуропада да су тасқыны тұрғындарды әлекке салып отыр. Германияда нөсер жауып, солтүстік және орталық аудан тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазір Эльба өзеніндегі су деңгейі әдеттегі көрсеткіштен 4 метрге жоғары. Көрші Чехияда да тасқын қаупі жоғары. Сондықтан жаңа жыл алдындағы дәстүрлі жүзу жарысы биыл өтпейтін болды. Ал Венгрия астанасы Будапештте Дунай өзені арнасынан тасыған.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.