Еуропада электр көлігіне сұраныс артқан
Еуропада электр көліктері кеңінен сатылып жатыр. Әсіресе Норвегия көш бастап тұр.
Исландиядағы сатылым 40 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш Швецияда 32, Нидерландта 24 пайыз. Үздік бестікке Азия елдерінен Қытай іліккен.
Норвегияда Tesla-ның тасы өрге домалап тұр. Елдегі электр көлігінің сатылымы үшінші жыл қатарынан артқан. Былтыр сатылған 6 темір тұлпардың 5-уі Теслаға тиесілі. Жыл басталмай жатып, америкалық компанияның акциялары 12 пайыздан 20 пайызға бір-ақ қымбаттаған.
Кристина Бу, Норвегия электр көліктері қауымдастығының басшысы:
- Биыл нарыққа шығарылатын көліктердің 95 пайызы электрлі болады деген зор үмітіміз бар. Норвегияның ең ірі қаласы – Ослода қазір жекеменшік көліктердің 30 пайызы тоқпен жүреді. 2 жылдан кейін олардың саны 50 пайызға жетуі мүмкін.
Норвегияның Жол федерациясының мәліметі бойынша, бұл елде былтыр жаңа көліктің 82,4 пайызы электрлі болған. Ал алдыңғы жылғы көрсеткіш 79 пайыздан асқан еді.
Ингер Софи Финч, Осло тұрғыны:
- Электр көлігі – тамаша таңдау. Бірақ жанармай және дизельмен жүретін көліктерге тыйым салу дұрыс болмайды деп ойлаймын. Өйткені әркімнің мүмкіндігі мен талғамы әртүрлі. Сондықтан Осло – барлық адамға бірдей мүмкіндік берілетін қала болуға тиіс.
Норвегия 2025 жылы жанармай және дизельмен жүретін көлік сатуды біржола тоқтатқан әлемдегі алғашқы елге айналмақ. Келер жылы мұндай көлікке салынатын салық көлемі өседі. Электр көлігі көбейген сайын ауаның ластану деңгейі төмендеп, қалада шу азайған. Бірақ зарядтау станциясы әлі де жетіспейді.
Ернат Мелсұлы, «24.KZ».