Биыл әлемдік туризм қалпына келуге тиіс
Бұл – Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметі.
Пандемия кезінде туризм саласы біраз тұралап қалған еді. Қазір шектеу жоқ. Кім, қайда саяхаттаймын десе де жол ашық. Көкпен жетем дейсіз бе, жермен барам дейсіз бе – еркіңіз.
Қазір көп елде визасыз режим жүйесі туризмге тың серпін берді. Әрине, бұл саясат, саяхатқа дем берді. Оның үстіне биыл кей ел Шенген аймағына қосылғалы жатыр. Ол қай елдер?
Шенген аймағына кіретін жаңа елдер
Румыния мен Болгария Шенген аймағына ақыры өтетін болды. Еуроодақ Кеңесі 2 елдің визасыз саяхат аймағына кіруін бірауыздан қолдады. Енді наурыз айынан бастап қос мемлекеттің әуе және теңіз шекарасындағы бақылау алынады. Бірақ құрлықтағы шекарада тексеру жүргізіле береді.
Жалпы бұл 2 ел Еуроодақ құрамына 2007 жылы кірген. 2011 жылы Шенген аймағына мүше болуға ниеттенген. Бірақ осыған дейін олардың Шенген аймағына кіруіне Австрия мен Венгрия қарсы болып келген еді. Вена заңсыз көші-қон легінен қауіптенсе, Будапешт Ресей газын тасымалдағаны үшін транзит салығын енгізгісі келген Болгариядан салықты алып тастауды талап еткен. Десе де Еуроодақ қос елдің Шенген аймағына кіруі үшін барлық талапқа сай келетінін мәлімдеді.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия жетекшісі:
- Бұл – Болгария мен Румыния үшін тарихи сәт. Екі елдің Шенген аймағына енуі сауда және туризмді дамытуға көп көмек болады және Еуропа нарығын дамытады.
Еуроодақтың есігін күзетіп жүрген косовалықтар да Шенген аймағына енді алаңсыз кіре алады. Жыл басталған сәтте осындай заң күшіне енді. Бірақ шектеулер бар. Мәселен, косовалықтар Шенген аймағында жарты жылда 90 күн визасыз жүре алғанымен, жұмыс істей алмайды. 2008 жылы тәуелсіздік алып, Сербияның бодандығынан босаған бұл ел Еуроодаққа мүше болсам дейді. Бірақ әлі кандидат статусын алған жоқ. Сондықтан елдің премьер-министрі азаматтарды бұл мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды.
Альбин Курти, Косово премьер-министрі:
- Біз бұл күнді ұзақ күттік. Енді студенттеріміз, бизнес өкілдері енді Еуропаға саяхаттай алады. Осылайша, Еуроодақпен қарым-қатынастың одан әрі артуына күш салуымыз керек.
Италия турист сыйғыза алмай әлек
Еуроодаққа мүше тағы бір ел Италия турист сыйғыза алмай әлек. Енді Венеция қаласына кіретін саяхатшылар саны шектеледі. Тиісті шешім осы жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді. Жаңа ережеге сай бір туристік топта адам саны 25-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ саяхатшылардан қалаға кіргені үшін ақы алынатын болады. Олар көктемнен бастап шаһарды аралап көруі үшін 5 еуро төлеуге тиіс. Бұл алымнан 14 жасқа дейінгі балалар ғана босатылады. Жалпы Венецияда бар-жоғы 250 мың адам тұрады. Ал жыл сайын су үстіндегі шаһарды көруге 1 миллионнан астам турист келеді екен. Бұл қаладағы қоғамдық тәртіпті реттеудің амалы, - дейді жергілікті билік.
Элизабетта Пеше, қалалық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі:
- Бұл ереже – Венециядағы туризмді басқаруды жақсартуға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Осы арқылы келушілер мен жергілікті тұрғындар арасындағы тепе-теңдік сақталады деп ойлаймын.
Визасыз саяхат - ұтымды саясат
Қытайда сыртқы туризм де, ішкі туризм де қызып тұр. Жаңа жыл қарсаңында ел ішінде 135 миллион сапар шеккен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 155%-ке көп. Ең танымал туристік бағыт – қысқы ойын-сауық қалалары. Жергілікті тур-агенттіктердің мәліметі бойынша, Қытай тұрғындары биыл жыл басында былтырға қарағанда 10 есе белсенді саяхаттаған. Сондай-ақ былтыр 1 желтоқсанынан бастап Қытай үкіметі 6 елдің: Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания және Малайзия азаматтарына есігін айқара ашқан еді. Аталған 6 елден 118 мыңнан астам адам Қытайға визасыз кірген. Бұл – елдің туристік нарығын бақылау тарихындағы рекордтық көрсеткіш, - дейді сарапшылар. Қытай билігі бұл мемлекет үшін ұтымды шешім екенін айтады.
Ван Вэнбинь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі:
- Визасыз режим әзірге тек санаулы елдер үшін жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның санын көбейтуге ниеттіміз. Өйткені елге келген саяхатшылар саны көңіл қуантады. Турист үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз.
Былтыр қарашада Қытай мен Қазақстан арасында да визасыз режим күшіне енген еді. Бұл екіжақты әріптестіктің деңгейін көтерді деуге толық негіз бар. Өйткені 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы болып бекітілді. Қазірдің өзінде Air Astana ұшағы Алматыдан Бейжіңге аптасына 6 рет, ал Астанадан апта сайын қатынайды. Бұдан бөлек, 2 теміржол қатынасы және 3 кеден бекеті жұмыс істеп тұр.
Сондықтан Қытайға саяхаттағыңыз келсе, жол ашық екенін тағы бір еске саламыз.