Англияда ел тарихындағы ең ұзақ ереуіл жалғасып жатыр
Англияда кіші санаттағы дәрігерлер ереуілдерін жалғастырып жатыр және бұл денсаулық сақтау саласындағы ең ұзақ наразылық шарасы болғалы тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Ақхалаттылар бірнеше күннен бері науқастарға ем-дом жасаудың орнына көшеге шығып, жалақыларын көтеруді талап етіп әлек.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бұл – Лондон орталығындағы ірі ауруханалардың бірі. Кіші санаттағы дәрігерлер 3 күннен бері кәсіби міндетін орындаудың орнына қолдарына транспаранттар ұстап, наразылықтарын білдіріп жатыр. Ақхалаттылар жалақыларын 35%-ке өсіруді және еңбек шарттарын жақсартуды талап етіп жатыр.
Наразылар әлі 6 күн жұмысқа шықпайтындарын айтты. Қыс мезгілінде тұмау, COVID сияқты аурулар өршіп тұрғанда ереуіл жығылғанға жұдырық болып тұр. Дәрігерлер басқа амалдары жоқтығын айтып налиды.
Лиззи Гринфилд, кіші санаттағы дәрігер:
- Штаттағы дәрігелер саны шектеулі. Медбикелер өте аз. Біз шаршадық. Ешқандай қолдау көрмейміз, біліктілігімізді шыңдап жатқан жоқпыз. Болашақта науқастарға ем көрсете алатын мықты дәрігер болғымыз келеді. Мына түрімізбен жетістікке жетуіміз неғайбыл.
Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің тең жартысын кіші санаттағы дәрігерлер құрайды. Олар – 10 жылға дейін еңбек өтілі бар жас мамандар және медициналық жоғары оқу орнын жақында тәмамдаған түлектер. Жалпы саны 70 мыңға жуықтайды. Үштен екісі – кәсіподақ ұйымының мүшелері. Ал Британ медициналық қауымдастығы үкіметпен бір мәмілеге келе алмай отыр.
Виктория Аткинс, Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі:
- Кіші санаттағы дәрігерлер мен кәсіподақ ұйымының келіссөздер үстеліне қайта отырғанын қалар едім. Ауруханалардың жұмысы жанданса, жақсы болар еді.
Дәл осындай ереуілдер бүкіл Англия бойынша ұйымдастырылды. Бұл – Ұлттық денсаулық сақтау қызметі тарихындағы ең ұзақ ереуіл. Нәтижесінде 1 миллионнан астам адамға медициналық көмек көрсетілмейтін түрі бар.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.