АҚШ-тың мемлекеттік қарызы рекордтық деңгейге жетті

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы рекордтық деңгейге жетті

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 34 триллион доллардан асып кетті , деп хабарлайды 24KZ.

Мұндай рекордтық көрсеткіш былтыр маусым айында дефолт қаупінің алдын алу бойынша Ақ үй мен республикашылар арасындағы мәміледен кейін туындаған. Екіжақты келісімге сәйкес тараптар 31 триллион доллардан астам үкіметтік қарыз межесін уақытша алып тастаған. Алайда пайыздық үстемесінің өзі күн сайын 1 миллиард 800 млн долларды құрап отыр.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Әлемдік пандемияға дейін де Конгрестің бюджеттік кеңсесі мемлекеттің   қарызы 2029 жылға дейін 34 триллион доллардан асады деп болжаған болатын. Бірақ бұл межеге АҚШ сарапшылар ойлағаннан да тез жетті. Сын сағатта жағдайды барынша тұрақтандыру үшін билік қомақты қарыз алуға мәжбүр болған. Ал қарызды қайтару инфляцияның күрт өсуімен қабаттасып қалғандықтан, бұл пайыздық мөлшерлеменің өсуіне және қызмет көрсету шығындарының артуына әкеліп отыр. Дегенмен әзірге бұл сома экономиканың өсуіне айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Себебі инвесторлар үкіметке несие беруге дайын. Бұл несие салыққа салмақ салмай-ақ қазынаның сарқылмауына мүмкіндік бермек.

Марк Занди, экономист:

- Заң шығарушылар сайлаушылар үшін бір мәмілеге келуі тиіс. Өзгеріс жасамасақ, салықты көтеру, шығындарды азайту секілді қатаң болса да, нақты шараларды қолға алмасақ, пайыздық мөлшерлеме өсе береді. Көптеген америкалыққа үй алмақ түгілі тіпті көлік сатып алу да мұң болып қалады.

Жалпы қарызды жан басына шаққанда шамамен 101 мың доллардан келеді. Қарыз мәселесі ушыққан сайын таңдау да қиындай түседі, себебі медициналық көмек пен әлеуметтік саланың шығындары салық түсімінен әлдеқайда артық. Өткен жылы коммерциялық емес Питер Питерсон қоры жүргізген сауалнамаға сүйенсек, сайлаушылардың 84%-і қарыз мәселесін шешу Президент пен Конгресс үшін басым бағыт болуы керек деп санайды.

Джон:

- Мемлекеттік қарызды ұлғайтқан сайын біз Турбо режимдегі жоғары пайыздық үстемесі бар жаңа несиелік карта алғандаймыз.

Мохан:

- Бұл қиын жағдай болып көрінетін шығар, бірақ, менің ойымша, экономика әлі де қуатты, сондықтан кіріс мөлшері қарызды жабуға жететін болар.

Том:

- Бізде ақша таусылды, бұл күрделі мәселі екені анық.

2023 жылдың басында АҚШ-тың мемлекеттік қарызы белгіленген шекті 31,4 триллион доллардан асты. Сол кезде Қаржы министрлігі лимит көтерілмесе, дефолт қаупі барын бірнеше рет ескерткен болатын. Президент Джо Байден мен демократтар Конгресті шекті межені ешқандай шарт қоймай, көтеруге шақырды. Ал республикашылар болса, бюджет шығындарын қысқартуды талап етті. Ымыраға қол жеткізген соң маусым айында Ақ үй басшысы мемлекеттік қарыздың шегін уақытша алу туралы заң жобасына қол қойды. Мемлекеттік қарызға уақытша шектеуді алып тастау туралы келісім 2025 жылдың қаңтарына дейін жарамды.

Авторы: Айжан Сыдыкова.