Жапонияда апат салдарымен күрес күшейтілді
Жапониядағы жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 77 адамға жетті.
400-ге жуық тұрғын жараланған. Ел премьер-министрі Фумио Кисида зілзаладан зардап шеккендерге көмек ретінде қосымша әскер жіберілгенін мәлімдеді.
Ното түбегінде зілзала тіркелген тәуліктен бастап бүгінге дейін барлығы 600 рет жер сілкінген. Ондаған мың тұрғын жарықсыз және ауызсусыз қалды.
- Мен қазір 65 жастамын. Осы өмірімде бірнеше үлкен жер сілкінісін бастан өткердім. Бірақ бұл жолғы зілзала мүлде өзгеше. Қорқынышты және ұзақ болды.
Апат болған аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Өйткені «жаңажылдық зілзала» атанған бұл апаттан кейінгі 72 сағат аса маңызды. Үйінді астында қалған жандарды кейінгі 3 тәулікте құтқарып қалу мүмкіндігі жоғары. Бұл ретте ел премьер-министрі аймаққа қосымша күш жөнелтілгенін мәлімдеді.
Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:
- Зардап шеккен аймақтағы жағдай өте қиын, бірақ 72 сағаттық шешуші кезеңнің аяқталуына дейін, яғни бүгін кешке дейін мүмкіндігінше көп адамды құтқаруды жоспарлап отырмыз. Біз бар күшімізді саламыз.
Зардап шеккен, елдің орталық бөлігіндегі Исикава префектурасына жіберілген құтқарушылар саны 2 мыңнан 4600-ға көбейтілді. Жолдардың қирауы және ең көп зардап шеккен аудандардың қашықта орналасуы құтқару жұмыстарын қиындатып жатыр. Алайда шыдамды жапон халқы бұл сынақты да төзіммен еңсеруге тырысып бағып жатыр.