Иран жарылыстан кейін мәлімдеме жасады
Иран билігі Керман қаласында болған лаңкестік әрекетті жауапсыз қалдырмайды.
Президент Ибрахим Раиси жарылысты ұйымдастырғандардың барлығы жазасын алады деп мәлімдеді. Кеше генерал Касем Сулеймани жерленген зират маңында екі бірдей жарылыс болып, 100-ге жуық адам қаза тауып, тағы 200-ден астамы жарақат алған болатын. Әзірге терактіні кім ұйымдастырғаны белгісіз. Әлемнің бірқатар елі Иран халқына көңіл айтып, шабуылды қатаң айыптап жатыр. Ал Біріккен ұлттар ұйымы лаңкестік әрекетке кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.
Ең ұзақ ереуіл
Ұлыбритания
Ұлыбританияда кіші санаттағы дәрігерлер ел тарихындағы ең ұзақ ереуілді жалғастырып жатыр. Наразы топ еңбекақыны кемі 35 пайызға көтеруді талап етуде. Сондай-ақ еңбек шарттарын жақсартуды сұрайды. Елде кейінгі айларда мұндай наразылық акциялары жиілеп кетті. Бірақ бұл жолғысы 6 күнге жалғасып, ең ұзақ ереуіл болғалы тұр. Ал қазір елде тұмау секілді аурулар өршіп барады. Соның салдарынан бір миллионнан астам адамға медициналық көмек көрсетілмейтін түрі бар.
Тұман тұмшалады
Қытай
Мынау Қытайдың Цзянси провинциясы. Айналада ештеңе көрінбейді. Өйткені Цзясиден бөлек Қытайдың оңтүстік-шығысы мен орталығындағы бірнеше провинцияны қалың тұман басты. Салдарынан жолдар жабық тұр. Себебі кейбір жерде көру мүмкіндігі 50 метрден де аспайды. Сондықтан біраз өңірде қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды.
Скандинавиядағы сары аяз
Швеция
Ал Скандинавия елдерінде сары аяз сақылдап тұр. Швецияда осы аптада кейінгі 25 жылдағы ең суық түн тіркелді. Елдің солтүстігіндегі метеостанцияда термометр бағаны минус 43,6 градусты көрсеткен. Күннің суығына байланысты темір жол қатынасы тоқтады. Көршілес Данияда қарлы боран ұйытқып тұр. Ал Норвегияда сарышұнақ аяздың салдарынан көлік қатынасы шектеліп, кемелердің суға шығуына тыйым салынды.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева