Қазақстандық ұшқыштар ерледі

Ұлыбританиядағы «Хэнк» дауылы кезінде әуе кемесін сәтті қондырды.

Бірнеше күннен бері Англия мен Уэльсте үйіріп соққан жел мен төпелеп жауған жауын тұрғындарды әбігерге салды.

Бұл Лондонның Хитроу әуежайынан түсірілген көрініс. Қазақстандық әуе компаниясының ұшағы аспанда тербеліп барып, жерге қонды. Оқиға куәгерлері пилоттың шеберлігіне тәнті болды.

Соңғы үш айда тіркелген сегізінші табиғи апатқа «Хэнк» деген айдар тағылды. Желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетіп, көптің зәресін алды. Шатырлар құлап, ағаштар түп тамырымен жұлынды. Жеңіл көлік пен теміржол қатынасы тоқтады. Су тасқыны туралы 250-дей ескерту жасалды, мыңдаған абонент жарықсыз отыр. Тұрғын үйлер судың астында қалып, халықтың өміріне қауіп төнді.

Лиам Стич, Бирмингем қаласының тұрғыны:

-Суға батып, қайта шыққан көлікті алыстан байқап қалдым. Кейін оның ағынмен жылжып, көпірдің астына тірелгенін көрдім. Көлік жүргізушісі әйел кісінің жан дауысы шықты. Ішінде 3 жасар қызы бар екен. Ойланбастан құтқаруға кірісіп, екеуін де сыртқа аман-есен шығардым.

Табиғи апаттың құрбандары тіркелді. Ауа райын болжаушылар жағдайдың әлі де қауіпті екенін еске салады. Ғалымдар: «Мұндай құбылыстың жиі тіркелуі жер бетіндегі орташа температураның жоғарлауымен байланысты», -дейді.

Майк Кендон, Метеорологиялық қызметтің аға ғылыми қызметкері:

- Тарихтағы ең жылы жылдардың бірі болды. Ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетті. Дауылдардың көбеюіне жаһандық жылыну себепші.

Мамандардың пікірінше, атмосферадағы көмірқышқыл газ деңгейі артып жатыр. Олар 2024 жыл тіпті ыстық болады деп топшылайды. Өнеркәсіптік дәуір басталғалы дүние жүзі бойынша ауа температурасы цельсий бойынша шамамен 1,1 градусқа көтерілген. Егер әрбір елдің үкіметі климаттық өзгерістерге ерекше назар аудармаса, жағдай ушыға бермек.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы