Еуропаның біраз бөлігін су басты
Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Францияда өзендер арнасынан тасып, өңірлер су астында қалды.
Үйлер қирап, жолдар жабылды.
Ұлыбритания тұрғындары тобығынан су кешіп жүр. Аймақтағы өзендер арнасынан тасып, үйлер су астында қалды. Оған қатты соққан дауыл себеп. Жел екпіні күшті болғаны соншалық, ағаштарды қиратып жатыр. Соның салдарынан, көлігіне ағаш құлап, бір адам көз жұмды. 10 мыңнан астам үйде жарық жоқ. Су тасқынына байланысты ел билігі Англия, Шотландия және Уэльсте 100-ден астам ескерту жариялады. Қазір халықты қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүріп жатыр.
Саймон Вил, тұрғын:
- Үйдің бірінші қабатында ине шаншар жер жоқ. Құбырлар істен шыққан. Жақын арада су да ластанады. Жарық екі бастан жоқ. Сондықтан мұнда қалудың еш мәні жоқ.
Бельгияда да осындай жағдай. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты Брюссельден Люксембургке қатынайтын пойыздардың қозғалысы тоқтаған. Себебі теміржолды су басып жатыр. Бельгияда жаңбыр апта басталғалы бері тоқтар емес.
Аннеми Гоммерс, тұрғын:
- Қатты жаңбырдың арты бұршаққа ұласып, төңіректің бәрін қиратты. Оны қалпына келтіру де қиын болатын сияқты.
Франция солтүстігіндегі Па-де-Кале аймағын да су басып, 1500-ге жуық үй жарықсыз қалды. Тағы 2 мыңнан астам тұрғын таза суға қолжеткізе алмай отыр. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, эвакуациялап жатыр. Қазір мұнда қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Солтүстік-шығыстағы тағы 3 аймақта қызғылт деңгей енгізілді. Айта кетейін, соңғы 3 айда Па-де-Каледе осымен екінші рет су тасқыны тіркелді.
Авторы: Фариза Жанғанаева