Таяу шығыс. Түрлі індет өршіп барады
Газа секторының солтүстігіндегі ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізу жағы қиындады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түрлі індет тарады деп дабыл қағуда.
Бірақ Израиль тарапы шабуылды тоқтатар емес. Соның салдарынан ауруханадағы науқастардың жағдайы күн өткен сайын ушығып барады.
Газа секторындағы ауруханалардағы жағдай күн сайын нашарлап барады. Оған Израиль күштерінің толассыз шабуылы себеп. Салдарынан емдеу орындарына дәрі-дәрмек пен құрал жабдық жетіспей, науқастар қатты зардап шегуде. Бомбалаудан гуманитарлық көмек дер кезінде әрі қажетті мөлшерде жеткізілмей, түрлі індет өршіген.
Фатима Әбу Жарад, тұрғын:
- Менің немерем бір тері ауруын жұқтырды. Сөйтіп ауруханаға барған едік. Дәрігерлер денесіне бір дәрі жаққанымен, еш көмегі болмады. Енді не істейтінімізді білейміз.
Ресми дерекке сәйкес, қазір Газа секторындағы ауруханаларда 400 мыңнан астам адам емделуде. Әсіресе тұрғындар арасында қышыма мен желшешек кеселінің таралуы артқан. Тыныс алу жолдары ауруларына шағымданған жандар да көп.
Ияд Абу Захер, әл-Ақса ауруханасының директоры:
- Біз нағыз апаттың алдында тұрмыз. Қақтығыс қарқын алған сайын, халыққа көмек көрсету тіптен мүмкін болмай барады. Барлық халықаралық ұйымдарды Газа секторындағы жағдайға бей-жай қарамауға шақырамын.
Ал халықаралық ұйымдар қақтығыс жалғаса берсе, індет жаппай тарап, өңірде апатты жағдай орнайды деп ескертіп отыр. Бірақ Израиль тарапы ХАМАС қозғалысын түпкілікті жоймай тоқтамаймыз деп бұған құлақ асар емес.
Фариза Жанғанаева, «24.KZ».