Жер сілкінісінен Жапония жұртының мазасы қашты

Жойқын зілзаланы бастан кешкен Исикава аймағында ахуал ушықты.

Өңірге жапалақтап қар жауып, ауыз су мен азық-түлік тапшылығынан әбден титықтаған жұрт тағы әбігерге түскен. Күннің күрт суытуынан жарықсыз қалған халықтың үйлерін жылыта алмай әлек. Ақ ұлпа құтқарушылардың да жұмысына тұсау бола бастады. Ал соңғы ақпарға қарағанда табиғи апаттан қаза тапқандардың саны 160-қа жеткен. 600-ге жуық адам жарақат алып, тағы жүздеген тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті.

Палестиналықтар Мысырға бас сауғалап жатыр

Таяу Шығыс

Газа секторында қарулы қақтығыстан Мысырға қарай бас сауғалаған палестиналықтар көбейді. Әскери қимылдардан аймақта ауызсу мен азық-түлік жетіспей ашаршылық жайлай бастады. Жұрттың үйсіз-күйсіз, ашқұрсақ жүргендеріне 3 айдан асты. Ауруханаларда дәрілік препараттар, емге қажетті құрылғылар жетіспейді. Бұлай жалғаса берсе, аймақта апатты жағдай орын алуы мүмкін дейді сарапшылар. Айта кетейін, қарулы қақтығыстан көз жұмған палестиналықтардың саны 23 мыңға таяды.

АҚШ-тың шығыс жағалауына қалың қар түсті

Ал АҚШ халқын қолайсыз ауа райы абдыратып тастады. Шығыс жағалауға соққан дүлей дауылдың кесірінен жолдар жабылып, автокөліктер қар астында қалып қойды. Синоптиктердің мәліметінше, аймаққа түскен қардың қалыңдығы 30 см-ге дейін жетеді. Қазір тазалық сақшылары мен техниканың көмегімен қаланы тазалау жұмыстары жүргізілуде. Билік тұрғындарды алыс сапарға аттанбауға шақырды.

Тасқын кезінде 38 адам құтқарылды

Австралия

Австралияның оңтүстік-шығыс бөлігіне толассыз жауған жаңбыр соңы су тасқынына ұласты. Әсіресе Виктория штаты қатты зардап шеккен. Жергілікті төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, апат кезінде 1 мыңнан астам қоңырау түскен. Бригадалық топ 38 адамды құтқарып үлгерді. Тағы жүздеген кісіні қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Өңірде ауыз су жүйесі зақымдалып, тұрғындар тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отыр. Метереолгтар болса Оңтүстік Австралия мен Жаңа оңтүстік Уэльс штатына да тасқын қаупі төніп тұр дейді. 

Әсия Нұрлыбаева