Нью-Йоркте «Бірыңғай су» тақырыбында саммит өтеді
Орталық Азия елдерінде жаһандық жылынудан климаттың өзгеруі жылдам жүріп жатыр.
Аймақты зерттеумен айналысып жүрген АҚШ сарапшылары «өңірдегі мыңжылдық мұздықтардың еріп, өзен-көлдердің тартылуы – осыған дәлел» дейді. Еліміз күрделі мәселені шешуге барынша атсалып келеді. Биыл Қазақстан-Франция бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында «Бірыңғай су» тақырыбында саммит өткізу жоспарланып отыр.
Эрик Руденшольд Орта Азиядағы экологиялық мәселелерді бұрыннан қозғап жүр. Жақында ғана оның «Орта Азияны сақтау тым кеш емес пе?» деген мақаласы шықты. Онда ол Каспий мен Балқаш, Сырдария мен Әмударияның сулары біртіндеп тартылып жатқанын айтып, әлем елдерін мәселені шешуге күш салуға шақырған. АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Орта Азия бойынша арнайы бөлімді 4 жыл басқарған сарапшының пікірінше, қазір өңірдің жылынуы қарқынды жүріп жатыр.
Эрик Руденшольд, Каспий саяси орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Орталық Азия – климаттың өзгеруінің салдарынан температураның көтерілуі жылдам жүріп жатқан аймақтың бірі. Алматыда тұрғанда Шымбұлақ шыңындағы мұздыққа шыққан кездерім есімде. Қазір оған жету үшін ұзағырақ жүру керек. Себебі ондағы мұздықтар тез еріп барады. Осы күрделі мәселені шешуде Қазақстан басшылығының қолға алып жатқан іс-шаралары қуантады. Менің ойымша, бұл бағытта АҚШ «С5+1» механизмі арқылы Қазақстан және аймақтың өзге елдерімен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі.
Сарапшының зерттеуінше, бір кездері су қоры бойынша әлемде 4-ші орында тұрған Арал теңізінің көлемі 75% кішірейген. Каспий мен Балқаштағы тіршілік нәрі де сарқылып барады. Сондықтан жүйелі жұмыс пен жаңа формат, ұтымды ұсыныстардың маңызы зор. Биыл өтетін халықаралық саммитте судың жайы жан-жақты талқыланып, салмақты мәселелер сараланғалы отыр.
Уайлдер Алехандро Санчес, «Second Floor Strategies» компаниясының президенті:
- Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан мен Франция бірлесіп, Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында «Бірыңғай су» тақырыбында саммит өткізетінін айтқан еді. Меніңше, бұл – дер кезінде қолға алынған бастама. Табиғи өзгерістерге қатысты көптеген сұрақтар туындап жатқанымен, Қазақстан мен Орталық Азия аймағындағы су жағдайы Біріккен Ұлттар Ұйымында көп қозғалмайды. Сондықтан Қазақстанның осы күрделі мәселеге жаһан мемлекеттерінің назарын аударуы өте орынды. Бұл қазақ елінің жаңа сын қатерлерге төтеп беруге күш салып жатқанын көрсетеді.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының шөлейттенумен күрес жөніндегі конвенциясының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Орталық Азияның 20%-тен астам аумағы қазір тозып, шөлге айналған. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл – Қырғыз Республикасының аумағынан 4 есе үлкен жер. Экожүйенің бұзылуынан аймақ халқының 30%-і жапа шегіп отыр. Өңірде су азайған сайын құнарлы жерлердің шөлге айналуы да артады. Осы ретте қоршаған ортаны қорғау бойынша «C5+1» форматындағы кездесулер мен биыл Нью-Йоркте өтетін халықаралық «Бірыңғай су» саммитінің маңызы зор.
Авторы: Айжан Сыдықова.