АҚШ Айға робот аппарат ұшырды

АҚШ Айға робот аппарат ұшырды

Бұл – Американың Жер серігін зерттеу үшін соңғы 50 жылда алғаш рет аттандырып отырған ғарыш зонды. Аппарат Айға 23 ақпанда қонуы тиіс.

АҚШ «Вулкан» зымыран тасығышымен Айға Peregrine аппаратын жөнелтуді көп жылдан бері жоспарлап келген. Жобаның басты мақсаты – Ай беті мен оның айналасындағы газ қабығын зерттеу. Сондай-ақ құрылғы көмегімен Айға фотосуреттері бар жадыларды, ойыншықтар мен Эверест тасы сынды коммерциялық жүктерді жеткізіп көрмек.

Егер жоба ойдағыдай жүзеге асырылса бұл АҚШ-тың 1972 жылы Айға Аполлон ғарыш кемесін қондырғаннан кейінгі сәтті бағдарламасы болмақ.  

Виктор Джей Гловер, NASA ғарышкері:

- NASA-ның транс-ай жобасына рұқсат беріп, Жер серігіне ғарыш аппаратын аттандырып жатқаны керемет. Айға зерттеушілерді қайта жібере бастағанына қуаныштымын. 

Бұл миссияның басты мақсаты – Айда жүргізілетін түрлі зерттеулер арқылы Америка Құрама Штаттарындағы құрғақшылықпен күресудің тың жолдарын табуға күш салу. 

Ғалымдардың пайымынша, оның Оңтүстік полюсіндегі кратерлерде көп мұз бар. Мамандар: «оларды тұтынып, зымыран отынын жасау үшін пайдалануға да болады», - дейді

Джоэл Кернс, NASA әкімшісінің ғылыми көмекшісі:

- Айға қатысты көп сұрақтың жауабы табылмай келеді. Осы себепті Америка Құрама Штаттары мен өзге де елдердің ғалымдары оны тереңірек зерттеуге ден қойып жатыр. Сондықтан аспан денесінің айналасындағы орбитаға көптеген зонд жіберілді.

Соңғы жылдары «Ай жарысы» қарқын алды. Мысалы, Қытай «Чанъэ» бағдарламасымен 2019 жылы Айға қонды. Үндістан 2023 жылдың тамызында «Чандраян-3»-пен сапар жасады. Ал Ресей, Жапония және Израиль миссиялары сәтсіз аяқталды. Күн шығыс елі 2024 жылдың соңында тағы бір аппаратын аттандыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Сымбат Молдатай, Тамерлан Ким.