Антарктидада микропластиктердің бар-жоғы зерттеліп жатыр
Жыл сайын әлемде 430 миллион тоннадан астам пластик өндіріледі.
Оның 10 миллионға жуығы мұхиттарға тасталады. Салдарынан алып су айдындарындағы тіршілікке орасан зор шығын келіп жатыр. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында әлем елдерінің көшбасшылары биыл «Пластмасса қалдығын жоямыз» деп аталатын қарар қабылдамақ. Қазақстан да бұл бастаманы қолдамақшы.
Пластик қалдықтардан жер бетіндегі су айдындарына төнген қатер күшейіп, жер-жаһанның көп елі түрлі шараны қолға алып жатыр. Халықаралық Атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Аргентинамен бірлесіп, Антарктидада микропластиктердің бар-жоғын зерттеуге кірісті. Құрлыққа алғашқы ғылыми-зерттеу экспедициясын аттандырды.
Рафаэля Мариано Гросси, МАГАТЭ бас директоры:
- Біз тарихта алғаш рет осындай маңызды шараны қолға алдық. Бұл жаһандық мәселе екені баршамызға мәлім. Жобаның мақсаты – жан-жақты зерттеулер жүргізіп, мұздықтар мен су айдындарын пластик қоқыстан тазартуға күш салу.
Әлемде климаттық дағдарыстың басталуына да осы мұздықтардың еруі себеп. Ал микропластиктер оны басты үдетуші қалдық болып табылады. Мұндай қоқыстар мұз құрылымын тез бұзады. Онда тіршілік ететін жан-жануарларға залалы көп.
Лукас Руберто, аргентиналық зерттеуші:
- Антарктиданың жағдайы бүкіл әлем үшін маңызды. Пластикалық қалдық қоршаған ортамызға орасан зор зиян келтіріп отыр. Табиғатқа қазірден қамқорлық жасамасақ, ғаламдық жылынумен күресуге шамамыз жетпей қалады.
Әлем елдері алдағы 20 жылда пластикалық ластануды 80%-ке азайтуды көздейді. Егер бұл мақсатқа қол жетсе мұхиттарға төнген қауіп азайып, экологиялық ахуал жақсара түспек. Ауаға парниктік газдардың шығуы бәсеңдеп, триллиондаған доллар үнемдеуге болар еді, - дейді сарапшылар.
Авторы: Фариза Жанғанаева.