Жапонияда зілзаладан зардап шеккендерге көмек

Жапонияда зілзаладан жапа шеккен Ното түбегінің тұрғындарына қаржылай көмек бөлінді.

Билік апат аймағына әлі де  қолдау күшейетінін айтады. Ал Замбияда тырысқақ ауруы таралып, екі тәулікте 200-ге жуық адам көз жұмған. Жергілікті үкімет індеттің алдын алу үшін шұғыл шара қабылдап жатыр. 

Жойқын жер сілкінісін бастан кешкен Ното түбегінің тұрғындарына бөлінген қаржы көлемі 33 млн АҚШ долларын құрайды. Материалдық көмек аймақтың инфрақұрылымын қалыпына келтіріп, емдеу және білім беру мекемелерін қайта тұрғызуға жұмсалады. Жергілікті халыққа азық-түлік, ауыз су, дәрілік препараттарді жеткізуді арттырыруға бөлінеді. Сондай-ақ баспанасыз қалған қарашаға қаржылай көмек ұсынылмақ. Бұған қоса, билік Ното аймағына аттандырылып жатқан дәрігерлер мен инженерлерден жасақталған топтарды көбейтуге ниетті. Соңғы мәліметке қарағанда зілзаладан опат болғандардың саны 200-ден асқан. Тағы 600-ге жуық адам жарақат алған.

Замбияда тырысқақ ауруы өршіді

Замбияда тырысқақ эпидемиясы өршіді. Соңғы екі күнде аурудан 195 кісі көз жұмған. Тағы 5 мың адам қауіпті кеселдің құрығына ілікті. Дерттің кең таралуына аймақтағы ауыз судың ластануы мен санитарлық талаптың сақталмауы себеп. Билік індетті ауыздықтау үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Қаланың кейбір аймақтарында халықтың көп жиналуына тыйым салды. Ауыз су мен қоғамдық орындарға арнайы дәрі шашып, зарарсыздандыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ тұрғындарды тырысқаққа қарсы екпе алуға шақырып отыр.

Перуді су басты

Перу халқын толассыз жауған жауын-шашын әбден әбігерге салды. Өйткені нөсер соңы тасқынға ұласып, солтүстіктегі елдімекендерді су басты. Әсіресе, Сан-Мартин, Лорето, Амазонас аймақтары қатты зардап шеккен. Мұнда тасыған су 2 метрге дейін көтерілген. Ғимараттар мен көліктер бүлініп, қозғалыс қиындады. Жайылым жерлер жарамсыз қалған. Тасқыннан елге 1 млрд долларға жуық шығын келген. 

Ақ Үй алдындағы оқыс оқиға  

Ал Вашингтонда қала тұрғындарын елең еткізген оқиға тіркелді. Алпауыт елдің басшысы отыратын Ақ Үй қақпасын белгісіз біреу көлікпен барып соқты. Әзірге оқиғаның қалай өрбігені белгісіз. Көлік жүргізушісі қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кетейін соңғы айларда Ақ Үй ауласында осындай оқыс оқиғалар жиілеген. Өткен жылы қақпа жанында жүк көлігі апатқа ұшырап, ғимарат қоршауына барып соғылған еді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева