Әлем елдері жаңа АЭС салуға талпыныс жасап жатыр
Қытайдағы жаңа заманауи атом электр станциясы Сары теңіздің жағасында
Шаньдун провинциясында орналасқан.
Стратегиялық нысанның оңтүстігінде 23 шақырымдай жерде Жунчэн, солтүстік-батысында Шидао аралы 14 шақырымдай және оңтүстік-шығысында 68 шақырымдай жерде Вэйхай қаласы тұр. Станцияның ядролық реакторлары су арқылы емес, жоғары температурадағы инертті газ гелийдің көмегімен салқындатылады. Нысан 20 жыл бойы салынған және 14 миллиард 1 миллион доллар жұмсалған. Қытай 2035 жылға қарай атом энергиясын өндіру үлесін 10 пайызға арттырмақ. Қазір елде 25 реактор жұмыс істейді.
Чжан Йижин, АЭС бас операторы:
"Станциядағы 2 реактор толық қуатты режимде жұмыс істеп тұр. Олар күн сайын 150 мегаватт электр қуатын өндіреді. Бұл энергия Шаньдун электр желісіне жеткізіледі."
Франция 6 атом электр станциясын салып жатыр. Жақында елдің Энергетикалық ауысу министрі тағы 8 АЭС тұрғызу керек деп мәлімдеді. Бірақ бұл нысандар шағын модульді реактормен жұмыс істейді. Мұның ерекшелігі - аты айтып тұрғандай көлемі шағын болады. Сондай-ақ бұл модульді алдымен зауытта жасап алып, сосын дайын тұрған алаңға тасымалдауға, құрастырып орнатуға болады. Француз министрі жаңадан 8 атом электр станциясын салу жобасын осы айдың аяғында парламентте қорғайды. Қазір Францияда 56 реактор бар. Олар елдегі электр энергиясының 70 пайызын өндіреді.
ЦИТАТА:
Франция 2035 жылға қарай қазба отыннан энергия өндіру үлесін қазіргі 60 пайыздан 40 пайызға азайтуды көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін біз 2026 жылдан бастап 13 гигаватқа тең энергия бере алатын жаңа нысандар салуымыз керек. Егер біз 8 шағын модульді реактор тұрғызсақ, онда аталған энергия қуатымен қамтамасыз ете аламыз.
Аньес Панье-Рюнаше, Францияның энергетикалық ауысу министрі
Британия заманауи АЭС салады
Ұлыбритания Еуропада алғаш рет жоғары сапалы төмен байытылған уран бағдарламасын қолға алмақ. Осы мақсатта Корольдік билігі 380 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр. Осылайша Британия 2050 жылға қарай таза, сенімді ядролық энергия өндіру көлемін 24 гигаватқа жеткізбек. Бұл Корольдіктегі қажетті электр энергиясының 25 пайызы қамтамасыз етіледі деген сөз.
ЦИТАТА:
Ұлыбритания әлемге әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған алғашқы атом электр станциясын сыйлады. Енді біз заманауи ядролық отын өндіретін Еуропадағы тұңғыш атом электр станциясын салғалы отырмыз. Бұл еліміздегі және әлемдегі энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды қадам болмақ.
Клэр Коутиньо, Ұлыбритания энергетикалық қауіпсіздік министрі
Атом электр станциялары туралы айтқанда, Жапонияны айналып өте алмаймыз. Оның үстінде 9 күн бұрын күншығыс елінде қуаты 7,6 балға жеткен жойқын жер сілкінісі болды. Бұл жергілікті халықтың үрейін туғызды. Бірақ зілзала реакторларға зақым келтірмеген. Бүгінде Жапонияда 15 АЭС-та 33 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Тағы 12-сі қауіпсіздік талаптарына сай тексерістен өтіп жатыр. Жалпы жапон үкіметі елде тағы 20-дан астам реакторды іске қосуға ниетті. Бұл елде АЭС-тар энергияның 20 пайызын береді.
Жалпы әлемде атом энергиясын өндіруге сұраныс та, талап та артып келеді. Бұл мәселе былтыр желтоқсанда Дубайда өткен халықаралық климат саммитінде кеңінен талқыланған болатын. Міне сонда АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Франция сияқты 22 ел ядролық энергия өндіру көлемін 2050 жылға қарай 3 есе арттыру туралы декларацияға қол қойды. Ал Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша әлемдегі ядролық энергия қуаты 371 ГигаВатты құраған.