Лас-Вегаста озық технологиялар көрмесі өтті

Жаңа технология жыл өткен сайын қарыштап дамып жатыр.

Лас-Вегастағы көрме соның дәлелі. Мұнда әлемнің жетекші компаниялары халық назарына робототехника, ұялы байланыс, көлік жасау және тағы басқа салалардағы ең озық технологияларын ұсынды.

Бұл ADAM есімді робот-бариста. Бір қарағанға қарапайым сияқты көрінгенмен шағын құлтемірді аспазшылардың таптырмас көмекшісі деуге болады. Ол бір уақытта бірнеше тапсырманы атқара алады. Кофе мен шәйдің түр-түрін дайындап, тамақ та пісіреді. Қажет болса қонақтармен әңгіме-дүкен құрып, көңілдерін аулуға дайын. Көрмеде бірегей роботтың қолынан дәм татқан келушілер таңданыстарын білдіріп жатыр.

БЛИЦ: 

- Өте дәмді... мұны маған мына роботтың дайындап бергеніне әлі сене алмай тұрмын. 

- Ғажап... кофені робот емес осы сусынмен айналысатын шебер дайындағандай. Оны құлтемір демдеді дегенге сене алмайсың.

Richtech компаниясы ұсынған мына құлтемірдің құны 180 мың АҚШ доллар. Тым қымбат болғанмен шағын кәсіп иелері үшін таптырмас құрал. Себебі, бір өзі бірнеше көмекшінің міндетін атқара алады.

Фил Чжэн, Richtech Robotics компаниясының директоры:

"Роботтың алдыңғы жағында камералары бар. Сол арқылы ол дәмханадағы адамдардың бәрін бақылап отыра алады. Даяшының барлық міндетін атқарып қана қоймай адамдардың көңілін аулап, кез келген сұрағына жауап бере алады".

Жаңа технологиялар көрмесінде көпшілікке таныстырылған тағы бір тың дүние - жасанды интеллект арқылы басқарылатын Ballie проекторы. Бұл Samsung компаниясының жасап шығарған ақылды технологиясы. Онымен үйде шамды алыстан сөндіріп қосу сияқты түрлі істі қашықтан басқарып отыруға болады.

Джонатан Габрио, Samsung компаниясының атқарушы директоры: 

- Бұл сіздің нағыз көмекшіңіз. Жетілдірілген интеллект арқылы Балли сізге жақындап, смартфоныңыздағы бейнелерді қабырғадан көрсете алады.

Германиялық алпауыт Mercedes-Benz те көпшілікті таңқалдырмай қоймады. Компания көрмеде жасанды интеллектмен басқарылатын тақтасы бар CиЭлЭй санатындағы жаңа электромобилін ұсынды. Бұл көлік жасау саласында да жасанды интеллект ұтымды қолданыла бастағанын көрсетеді.

Фариза Жанғанаева