Лас-Вегас қаласында «Си-И-Эс» деген көрме өтіп жатыр

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Си-И-Эс» деген көрме өтіп жатыр. Бұл электроника көрмесі.

Сонау 1967 жылдан бері өтіп келе жатқан халықаралық көрменің биылғы басты артықшылығы - жасанды интеллектіге негізделген заттар таныстырылып жатыр екен. Олардың арасында біз үшін таңсық талай өнімнің барына сенімдімін.

Лас-Вегаста "Адам" деп аталатын робот жүр. Оны америкалық компания жасаған.

Ерекшелігі - қалаған кофеңізді тез дайындап береді. Екі қолымен қызмет көрсетіп, кәнігі даяшыдай қимылдайды. Мамандар бұл қызметкер жетіспейтін тамақтану орындары үшін таптырмайтын құрал дейді. Бірақ бағасы естіген адамды ойландыратындай. Бір роботтың құны 180 мың доллар.

Фил Жең, компания өкілі:

- Бұл біздің "Адам" деген роботымыз. Ол кофе, шай және сусынның кез келген түрін жасап береді. Кесені де өзі жуып отырады. Тапсырыс берген адамды ұмытпайды, қалағанын дәл ұсынады. "Адам" "сәлем", "қош келдіңіз" деп тілдесе алады. Таптырмайтын жұмыс күші.

Роботты кейде біз "құлтемір" деп жатамыз ғой. Енді жасанды интеллектінің арқасында оларды бара-бара "темірдос" дейтін шығармыз. Өйткені адаммен сөйлесіп, қойған сұраққа жауап беріп, қолын бұлғап, ілтипат білдіретін роботтар пайда болды. Солардың бірі құлағынан басқасы адамға ұқсайтын "Мирокай". Бойы - 123 сантиметр. Ол сөйлесіп қана қоймай, 3 келі жүкті көтеріп, қолғабыс жасай алады.

Ричард Малтерре, инноватор:

- Жасанды интелектінің мүмкіндігі өте зор. Адаммен тілдесе алатын роботтардың әлі талай сан алуан түрі жасалады. Біз үшін робот емес, адамға мейлінше ұқсайтын кейіпкер жарату маңызды.

Қолбала "Балли"

Ал мынау қолбала "Балли". Оған ChatGPT қағидасы бойынша жұмыс істейтін нейрожүйе орнатылған. Соның көмегімен "Балли" де адаммен сөйлеседі. Мәселен, "Бүгін күн райы қалай" десе, "Астанада боран" деп жауап бере алады.  

Джонатан Гарбио, менеджер:

- Баллидің бойы жасанды интеллектіге тұнып тұр. Оның басты ерекшілігінің бірі - Балли проектордың міндетін атқарады. Сенсорын қабырғаға бағыттап, сурет немесе видео көрсете алады.

Дұрыс жүгіруді үйрететін робот

Өнертапқыштар жүгіруді ұнататын адамдар үшін робот жасады. "Хуротикс" деп аталатын құралды үстіңізге киіп алып, тиімді жүгіруге болады. Ол сіздің әр дене мүшеңіздің жай-күйін бақылап, қажет жағдайда белгі береді. Мысалы, бүйрегіңізге салмақ түссе, "ақырын, абайлап жүгіріңіз" деп ескертеді. Бағасы - 25 мың доллар.  

Гиук Ли, HUROTICS өкілі:

- Бұл робот спортпен тиімді айналысуға көмектеседі. Тез әрі қатесіз жүгіруге септеседі. Жүгіру кезінде тым алға ұмсынып немесе шалқайып келе жатсаңыз, бойыңызды тіктеуге шақырады. Жүгіретін адамға бұдан артық не ерек?!

Вьетнам электрлі пикап таныстырды

Лас-Вегастағы көрмеде роботтар ғана емес, сондай-ақ заманауи электр көліктері де таныстырылды. Вьетнамдық компания көпшілік назарына 4 адам отыратын әрі жүк тасымалдайтын пикап әкеліпті. Толық заряды 200 шақырымға жетеді. 550 литрге дейін жүк көтере алады. 20 мың доллар төлесеңіз, бұл электр көлігі - сіздікі. Қалаға да, ауылға да ыңғайлы темір көлік. Ең бастысы - жанармай, дизель құймайсыз. Тоққа қуаттап алып, зымырай бересіз.

Ли Ти Туй, VINFAST компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- АҚШ-та пикапқа сұраныс өте жоғары. Бірақ бастапқыда өзіміздің Вьетнам тұрғындарына көптеп сатамыз деген жоспарымыз бар. Сосын іргеміздегі Индонезия мен 1 жарым миллиардтық нарыққа ие Үндістанға шығарамыз. Кейін АҚШ пен Еуропаға да кезек тиер.

Жасанды интеллектіге негізделген хай-тек өнімдерінің көрмесі ертеңге дейін жалғасады. Халықаралық іс-шараға қазір 4 мыңнан астам компания қатысып жатыр. Олардың 1200-ден астамы - стартап жобалары. Яғни әлі еш жерде көрсетілмеген өнімдер жетіп-артылады деген сөз.