Туризм: кірісі мол саланың келеңсіз тұстары
Демалушылардан да демалыс керек.
Кей елдерде туристердің көптеп келуінен түрлі мәселелер туындап, жергілікті тұрғындардың тұрмысына кері әсері көбейген. Осыған орай кейбір мемлекеттердің билігі халықының жайын ойлап, түрлі шаралар қабылдауға мәжбүр.
Венеция – демалушылардың сүйікті орны. Су үстіндегі қаланы өз көзімен көргісі келетіндердің нөпірі толастамайды. Сөйтіп, тұрғындардан гөрі саяхатшы көбейіп кеткен. Әр тұрғынға 21 туристен келеді екен. Бұл жергілікті жұрт үшін ыңғайсыз. Себебі сырттан келушілердің көптігінен пәтерақысы да өседі. Сондықтан үйлерін демалушыларға жалға беріп қойып, маңайдағы елді мекендерге көшіп кету әлдеқайда тиімді болып жатады. Бұл мәселені шешу үшін билік биыл көктемнен бастап туристік алым енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, былтыр круиздік кемелердің қалаға кіруіне де шектеу қойылды.
Грекия экономикасы туризмге тәуелді. Жалпы ішкі өнімнің 20%-і осы салаға тиесілі. Биыл орман өрті мен аптап ыстыққа қарамастан демалушы көп болды. Былтыр ел астанасы Афины кемежайына 760 круиздік лайнер келген. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мұның бәрі жергілікті кәсіпкерлер үшін жақсы, әрине. Бірақ таяқтың екі ұшы бар демекші, тұрғындар үшін ыңғайсыз. Өйткені демалушылар көбейген сайын тауарлар мен қызмет кұны да өседі.
Ал Вьетнамдағы Халонг айлағы болса, қоқыстан зардап шегіп отыр. Жергілікті жұрт бәріне туристерді кінәлайды. 2022 жылы мұнда 7 миллион демалушы келсе, былтыр ол көрсеткіш 8,5 миллионға дейін жеткен.
Демек қоқыс та көбейді деген сөз. Чилидегі Атакама шөліндегі көркем көріністі де осы саяхатшылардан қалған қалдықтар бүлдіріп тұр.
Ал Таиландтың Самуй аралында саяхатшылар су жүйесіне салмақ салып жатыр. Тіршілік нәрінің 70%-ін сырттан келгендер тұтынады екен. Соның салдарынан жергілікті жұрт суға жарымай отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.