Қарулы қақтығыстың басталғанына 100 күн
Газа секторында қарулы қақтығыстардан ғимараттардың 30 пайызы жермен жексен болды.
Халықтың 80 пайызға жуығы бас сауғалап үйлерін тастап кеткен. Бұл туралы БҰҰ мәлімдеді. Ал қайырымдылық ұйымдары кедейшіліктің артқанын айтып дабыл қағып жатыр.
Израиль Қорғаныс армиясы қақтығыстың 100-ші күні Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласын бомбалады. Бұл шаһарда ХАМАС командалық орталығы орналасқан-мыс. Әскерилер операция барысында қозғалыстың көп қару-жарағын қолға түсіргенін айтады. Ал Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Израиль күштері соңғы 24 сағат ішінде Газа секторына 12 әуе шабуылын жасаған. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху «жеңіске жеткенше» тайсалмайтынын мәлімдеді. Ол ХАМАС-ты толық жою үшін "Мысыр мен Газа секторын байланыстыратын дәлізді жабу қажет дегенді алға тартады.
Газада қаза болғандар саны 24 мыңнан асты
Ал ХАМАС тарапының хабарлауынша 7 қазаннан бері Газа секторына 65 мың тонна бомба тасталған. Соңғы мәліметке қарағанда аймақта шабуылдардан опат болған палестиналықтардың саны 24 мыңнан асқан. Олардың жартысы - әйелдер мен балалар. 65 мыңнан астам тұрғын жарақат алды. Соғыс аймақтағы көпжылдық қақтығыста Палестина халқының ең көп зардап шеккен қырғынға айналып отыр.
Жер бетінде кедейшілік артып барады
Ал Оксфам халықаралық ұйымының сарапшылары, әлем халқының барған сайын кедейленіп жатқанын мәлімдеді.Ұйым дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда жер шарындағы жұрттың 60 пайызы осындай халге түскен. 2020 жылдан бері бұл үдеріс артқан. Зерттеуге қарағанда кейінгі төрт жыл ішінде жер бетінде 5 миллиард адам тұрмысын жақсартуға қол жеткізе алмаған. Осылайша, әлемдегі кедейлер мен байлар арасындағы алшақтық ұлғая түскен. Мысалы, 52 елде 800 миллион жұмысшының орташа жалақысы 1,5 трлн долларға азайған. Осыған қарамастан алдағы 10 жылда жер шарымызда алғашқы триллионерлер пайда болады деген болжам бар. Ал жаһанда кедейлік мәселесін шешу үшін кемі екі ғасыр қажет дейді қаржы саласының мамандары.
Ресейдің қиыр шығысында боран соқты
Ал Ресейдегі Сахалин аралының оңтүстігінде бұрын-соңды болмаған қарлы боран соқты. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан тасжолдың бірінде екі автобус аударылып қалды. Құдай сақтап ешкім зардап шекпеген. 10-нан астам әуе рейсі кейінге шегеріліп, бірнеше жол учаскесі жабылды. Қоғамдық көлік қозғалысы шектелді. Аймақтағы мектептерде оқушылар қашықтан оқу форматына көшірліді. Өңірде қауіптің қызғылт сары түсі жарияланды. Авторы: Сымбат Молдатай