2030 жылы әлемде 85 млн маман тапшы болады
2030 жылға қарай жаһанда 85 млн астам маман тапшы болады деген болжам бар.
Соның салдарынан әлем экономикасы 8,5 трлн доллар шығынға батуы ықтимал.
Ал Дүниежүзілік экономикалық форум мамандарының пайымынша, алдағы 5 жыл ішінде әлемде 14 млн адам жұмыссыз қалады. Оның үстіне 83 млн қызмет түрі жойылуы мүмкін.
Тапшылық пен жұмыссыздық арасындағы теңсіздікті қалай сақтауға болады?
Болашақта әлемді жұмыссыздық жайлауы мүмкін деген әңгіме қазір қызу талқыға түсіп жатыр. Оған себеп, заманауи технологиялардың қауырт дамуы, бұған дейін адам істеп келген кейбір жұмыстарды роботтардың атқаруы ғалымдардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Дегенмен, жұмыссыздыққа әсер ететін фактор жалғыз бұл емес. Оның бірнеше себебі бар. Ол жөнінде сәлден соң айтамын.
Әлемде қазір 1 миллиардтан астам адам кедейлер сапында. Тіпті ең бай мемлекеттің бірі саналатын АҚШ-тың өзінде кедейлік шегіндегі адамдардың саны 13,2 пайыздан 14,3 пайызға дейін өскен. Осылайша 43 млн 600 мың адам кедей деп танылған. Бұл осы елдегі соңғы 50 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Еуропаның кейбір мемлекеттерінде де жағдай солай. Ал Африка азаматтары егін егіп, шаруашылықпен айналысқысы келеді. Бірақ орналасқан жері мен экономикасы оған сай келмейді. Өзге елдің босағасын күзетіп жүргені де содан.
Ричард Саманас, халықаралық еңбек ұйымының директоры:
Айлықтың аздығы қалай дегенмен де жұмыссыздардың санын көбейтіп отыр. Қазіргі таңда әсіресе жүк көлігінің жүргізушілері жетіспейді. Тазалықпен айналысатын мамандарға, қойма мен қонақ үй қызметшілеріне сұраныс көп.
Алдағы бесжылдықта технология және цифрландыруға қатысты мамандықтарға сұраныс өседі. Бірінші кезекте жасанды интеллект және машиналық оқыту бойынша мамандар. Оларға деген сұраныс 40%-ға немесе 1 млн жұмыс орнына көбейеді. Мысалы, қазірдің өзінде LinkedIn платформасында соңғы жылы GPT атауы көрсетілген бос қызмет орындарының саны 50%-ға артқан.
Жасанды интеллект жұмыс күшін қысқартады
Жасанды интеллект демекші, жұмыссыздықтың тағы бір жауы осы сала. Жасанды зерде алдағы 10 жылда 300 миллион жұмыс орнын алмастыруы мүмкін. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі бойынша, жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйесі 2025 жылға қарай 85 миллион адамды жұмыстан қағылтпақ.
ЦИТАТА:
Джейсон Вреденбург, Стивенс технология институтының профессоры:
Жасанды интеллекті әсіресе шығармашылықпен айналысатын адамдарға қауіп төндіріп тұр. Біз Америка әдебиеті, кинотану, теледидар және автомобиль өнеріне қатысты салаларда зерттеу жүргізіп жатырмыз. Жасанды интеллект студиядағы жұмысты автоматтандырып, еңбек күшін қысқартуға ықпал етуі мүмкін.
Қазірдің өзінде "Амазон" компаниясы 9 мың, "Мета" корпорациясы 10 мың қызметкерін қысқартты. Жалпы былтыр 290-ға тарта компания 88 мыңнан аса қызметкерді жұмыстан босатқан.
Жасанды интеллект басқарса, робот - аспаз, робот - құрылысшы. Жансыз құлтемірлерді жасаудан аты озып тұрған Күншығыс еліндегі ғалымдардың зерттеуі бойынша, жасанды интеллектілі роботтар 10-20 жылдан кейін әрбір үшінші жапондықтың қызметін атқарады. Яғни жасанды интеллекті аппараттар 601 жұмыс түрінің 235-ін мүлтіксіз орындай алатынын көрсетіпті. Бұл бір жағынан үлкен өндіріс орындары үшін қыруар қаржыны үнемдеп қалудың бір жолы. Үлкен зауыттарда мыңға тарта адам жұмыс жасайтын болса, құлтемірдің кесірінен қаншама адам күнкөріс көзінен айырылатын түрі бар. Қазір мұндай қызметтегі 25 миллиондай адам, яғни, Жапонияның 49 пайызы нәпақа тауып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары цифрландыру мен автоматтандырудың салдарынан еңбек нарығы түпкілікті өзгереді. Инновациялық жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан біраз адамға өмірден артта қалмас үшін, жаңа мамандықтар игеруге тура келеді.