Әлемде әрбір алтыншы өлім қатерлі ісік ауруларынан болады

Онкологиялық аурулардың салдарынан әлемде жыл сайын 9 миллион 600 мың адам көз жұмады.

Сарапшылар: «2030 жылға қарай бұл көрсеткіш артуы мүмкін», - дейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір алтыншы өлім қатерлі ісік ауруларынан болады екен.

Иә, аты жаман аурудан айықпай, көз жұматындар саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Осыны біліп отырған әр елдің онкологтары қатерлі ісікті мейлінше ерте сатыда анықтап, науқасты емдеп жазудың тың әдіс-тәсілін де ұсынды.

Қатерлі дерт дендеп барады

Соңғы 20 жылда әлемде жастар арасында ішектің қатерлі ісігі дендеп барады. Мәселен, АҚШ-та ауруға шалдыққан науқастардың саны 13% өскен. Олардың дені – 19 жасқа дейінгі жеткіншектер. Бұл – америкалық BMJ Oncology ғылыми журналының деректері. Аустралия мен Батыс Еуропада да осындай жағдай. Дәрігерлер: «науқастар санының күрт өсуіне салауатты өмір салтын сақтамау себеп», - дейді. Оның үстіне жасөспірімдердің көбі дұрыс тамақ ішпейді. Газды сусын мен тез пісірілетін тағамға әуес. Ал оның зиянды тұсына мән беріп жатқаны шамалы.

Андреа Черчек, Нью-Йорктегі мемориалдық онкологиялық орталықтың дәрігері:

- Науқастардың дені – жастар. Бұл экологияға, дұрыс тамақтанбауға және әлі зерттелмеген басқа факторларға байланысты болуы мүмкін.

Газды сусындарды шамадан тыс тұтыну онкологиялық ауруға шалдықтарады. Британдық ғалымдар 210 мың газдалған сусынның мәліметін жинап, фосфат секілді заттардың ішек микрофлорасының бұзатынын анықтаған. Бұл зат ішек микрофлорасының балансын бұзып қана қоймай, оны толықтай жоюы мүмкін. 

 

Қатерлі ісік дауасыз дерт емес  

Былтыр Оңтүстік Корея алғаш рет онкологиялық ауруларды ауыр иондардың көмегімен емдей бастады. Бұл әдіс Жапонияда 30 жыл бұрын қолданылған. Ауыр иондар еркектің қуық асты безінің қабынуындағы ісікті анықтауда тиімді. Бірақ, өкінішке қарай, науқасқа аурудың 4-ші сатысында көмектесе алмайды. Тағы бір кемшілік, ионотерапияның құны қымбат. Оңтүстік Кореяда мұндай ем медициналық сақтандырумен қарастырылмаған. Сондықтан дертіне дауа іздегендер шамамен 41 мың АҚШ долларын жұмсайды.

Ли Ик Дже, Ёнсе университеті ауыр иондармен емдеу орталығының директоры:

- Алғашында қатерлі ісік рентген сәулелерімен емделді, кейін протон терапиясы пайда болды. Қазір біз ауыр иондарды қолданамыз. Ол протон терапиясына қарағанда 2-3 есе тиімдірек. Өйткені сәулесі күшті. Ісікке дәл түседі және тері мен жасушаларға зақым келтірмейді.

Британ ғалымдары да қан талдауы арқылы қатерлі ісікті анықтаудың жаңа әдісін ойлап тапты. «Галерея» деп аталатын тест механизмі генетикалық код, яғни ДНҚ-да ісіктен қанға түсетін химиялық өзгерістердің белгілерін іздейді. Сынақ әсіресе бас және мойын, ішек, өкпе, ұйқы безі және тамақтағы қатерлі ісікті анықтауда тиімді. Ұлыбританияның NHS денсаулық сақтау жүйесі әдісті 2024-2025 жылдары тағы бір миллион адамға сынап көруді көздеп отыр.

 

Жасанды интеллект қабілеті 

Жасанды интеллект қатерлі ісікті 3 жыл бұрын анықтай алады. Ұйқы безінің қатерлі ісігі – ең қауіпті онкологиялық аурулардың бірі. Өйткені оны емдеу өте қиын. Әдетте аурудың кейінгі кезеңдерінде ғана диагноз қойылады. Бұны британдық ғалымдар тәжірибе жүзінде байқап көрді. Жоба авторлары ақылды машинаға Дания мен АҚШ-тан келген 9 миллион науқастың медициналық жазбасын талдауға берген. Нәтижесінде жаңа технология дерттің даму қаупі жоғары адамдарды анықтапты.

Ричард Ли, зерттеуші:

- Қатерлі ісікті жеңуге болады. Тек диагнозды ерте қою қажет. Бұл кезекте жаңа технология  – таптырмас көмекші құрал.

 

Обырды анықтаудың жаңа әдісі

Саусақ ізі арқылы да сүт безінің қатерлі ісігін анықтауға болады. Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген ұлыбританиялық ғалымдар осылай дейді. Олардың айтуынша, бұл әдіс болашақта маммографияны алмастырып, адамдарды жүйелі түрде медициналық тексеруден өтуіне ықпал етуі мүмкін. Себебі онкологиялық аурудың осы түріне шалдыққандар саны жылдан жылға көбейіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәліметке сәйкес жыл сайын қатерлі ісік табылған азаматтардың 12%-інен сүт безінің обыры анықталады екен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болады екен. Ендеше аурудың алдын алу, одан сақтану үшін өз қолымыздан келетін шараларды жасауды естен шығармайық!